Ибн Шубрима бірде досының үлкен бір шаруасын тындырып береді. Досы оған сыйлық алып келеді. Оған:
– Бұл не? – дейді. Досы:
– Маған қолұшын бергенің үшін сыйлық, – дейді. Сонда Ибн Шубрима:
– Алла берекеңді берсін! Малыңды өзің ала бер. Егер сен бір досыңа өтініш жасағаныңда, досың оны орындауға тырыспаса, онда дәрет ал да, төрт тәкбір айт (жаназасын оқы). Оны өлілердің қатарынан сана, – дейді.
* * *
Сағид ибн Ас: «Үш рет бірге болған адамым егер маған жақындаса, құшақ жая қарсы аламын, сөйлесе ден қойып тыңдаймын және отыратын болса, орын ашамын», – дейді.
Алла Тағала Құранның «Фатх» сүресінде: «Өз араларында өте мейірбан» деп осы сыйластық пен қамқорлыққа ишарат еткен болатын. Тәтті тамақ жегенде немесе қуанышты сәтті өткізгенде досын қалдырмау да осы қамқорлық түрлерінен. Негізінде, одан жырақтағанына мұңайып, доссыз жалғыз қалғанына жабырқауы керек.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ