ҚМДБ Діни сараптама бөлімі жылдық жоспарға сәйкес Астана, Алматы, Шымкент қаласы және облыстардағы сараптама имамдарының қатысуымен кезекті онлайн кездесу өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірлердегі басқармаға қарасты барлық діни оқу орындар, діни дүкендер, медреселер, мешіттер мен намазханалардағы кітаптарға тексеріс жұмыстарын пысықтау әрі қорытындылау есебіне алдын-ала дайындық шараларын жүргізу. Жиналыс барысында Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Қайрбеков Нұрлан Евфратұлы имамдарға осы жылда атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасап, жылдың қорытынды есебіне сақадай сай болу қажеттігін ескертті.
«Аллаға шүкір, бүгінгі күні Ислам ғылымына тереңдей түсушілер санаты қарапайым жамағаттың арасынан да күн санап артып келеді. Бұл сәйкесінше, сапалы діни білімге деген мұқтаждықты тудырады. Өңірлерде тарап жатқан діни өнімдерді сұрыптап, халыққа тек сенімді дереккөздерге жүгіну қажет екенін түсіндіру – сіз бен біздің негізгі міндетіміз» деп атап өтті бөлім меңгерушісі.
Сонымен бірге, Нұрлан Евфратұлы сараптамаға жауапты имамдардың жыл соңында талап етілетін жылдық есеп үлгісін пысықтады. Бұдан басқа, діни сараптама мамандарына өз өңірлеріндегі діни оңалту бойынша бекітілген мамандармен бірлесе отырып жұмыс істеу қажеттігін жеткізді. Бұл өз кезегінде радикалды әдебиеттердің Қазақстанда таралуына уақытылы тосқауыл болады деп сендірді.
Бас-аяғы бір сағатқа созылған онлайн кездесуде түйткілді мәселелер қозғалып, өңірлердегі сараптама мамандарының сауалдарына тұшымды жауаптар берілді.