Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде «Исламдық бағыттағы деструктивті және радикалды діни идеологияны ұстанушыларды радикалды көзқарастан арылту және оңалту саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру» курсы басталды.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетімен бірлескен бір айлық жоба биыл төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Салтанатты ашылуда ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат: «Құранның бізге насихаты қоғамға пайдалы, ел амандығын сақтауға үлес қосатын адам жан-жақты ілім жинауы, білікті маман болуы маңызды. Біздің үммет – ең абзал үммет, бірақ бұл «біз кереметпіз, абзалмыз» деп құр сөзбен шектелу емес. Қоғамдағы кез келген проблеманың тетігін қарастыру, білім арқылы шешімін табу қашанда өзекті»,- дей келе, тыңдаушыларға сәттілік тіледі.
Ал ҚР АҚДМ ДІК Діни білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Халым Қонай жобаны 4 жыл қатарына атқарып келе жатқан университет басшылығына алғысын айта келе, аталған курстың сәтті өтуіне тілек білдірді. Нұр-Мүбарак угиверситетінің отандық діни жоғары білім беру саласындағы маңызын да атап өтті. Бүгінгі еліміздің түкпір-түкпірінен келген 75 маманға курстың ерекшелелігі мен талаптарын қысқа да нұсқа түсіндірді.
Курсқа келген елдегі діни салаға тікелей қатысы бар теолог, исламтанушы, дінтанушы, имамдар бір ай бойы 140 академиялық сағатқа негізделген 16 пәннен біліктілігін арттыру дәрістерін өтпек. Әдістемесі бойынша академиялық тәсілімен, дерадикализация әдістерінің академиялық мәселелерін, мақсатты топтармен (радикалдармен) атаулы түсіндіру жұмысын ұйымдастыру, деструктивті діни ағымдарға ерушілермен жұмыс істеу тәсілдерін қамтитын өзекті дәрістік бағдарламасымен ерекшеленеді. Бағдарламаға сай өз саласында білікті әрі жетекші мамандар, яғни Нұр-Мүбарак ЕИМУ, Гумилев атындағы ЕҰУ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, сондай-ақ осы салада ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының тәжірибелі мамандары дәріс береді.