Өнер – өміртанудың бір мектебі. Көркем, сұлу мектеп. Көпшіліктің қолы жете бермейтін, бірақ көрермен бола алатын, сол арқылы бәрібір іштесіп, көңілі сезіп, жаны сусындайтын мектеп.
Әл-Жамал (Ең Сұлу, Сұлулық Иесі) жаратқан жарық дүниенің өзі – сұлулық көрмесі. Көрмені көретін көзге тәрбие керек. Өнер – сол тәрбие мектебінің бірі. Өнердің миссиясы осы жерде анықталады: Сұлулықты танып, паш ету; Сұлулық арқылы Өмір мәніне үңілдіріп, түбінде түп Иесімен қауыштыру. Өйткені Өмір сүру, Тірлік кешу дегеніміз – Сұлулық пен Мән-мағына іздеу…
Өнердің мазмұны шексіз болғанымен, түрі-қалыбы – Ұлт қасиетіне табан тірейді. Ұлтына қызмет ету арқылы, яғни ұлттың Жан-дүниесін әсемдеу, ізгілендіру арқылы – Адамзат көшін көрікті етеді.
Иманның толықтығы көркем мінез арқылы болатынын, яғни сенім-құлшылықтың мақсаты – ішкі дүниенің байлығы екенін ескерсек, орыстың ұлы жазушы-ойшылы Ф. Достоевский айтқан «Әсемдік әлемді құтқарады» деген сөздің пайымына бойлаймыз…
«Көзсіз жұмсаған күш – арам, көріксіз істелген іс – арам» деп, әр істегі әдемілікті насихаттаған, «Ілім – іштегі нұр, Өнер – сыртқа салынған түр», «Өнер – қанат, білім – санат» деп, өнер-білімнің орнын бағамдаған, «Ақыл көпке жеткізер, өнер Көкке жеткізер» деп, өнердің қадір-қасиетін түйсінген Қазақ «Өнерді үйрен де жирен» деген сөзді де айтыпты. Соңғы тұжырымды түсінуге талпындық.
Сонымен:
- Әуелі үйрену керек! Үйренбей жатып жиренген – толмай жатып солғанмен тең. Тоқмейілсіген тоғышарлық осыдан шығады. Ол не өнердің қадірін білмеуден, не кездескен қиындықтан қашқан жігерсіздіктен, не еңбектен қашқан жалқаулықтан, не бойдағы көрсеқызар тұрақсыз мінезден келіп шығады.
- Үйренудің шарты – тоқтамау; біліктілігіңді, шеберлігіңді үздіксіз дамыту. «Тіршілік» атты Көркем дүниенің мінсіз Иесі қандай Шебер, құдіреті қандай шексіз болса, өнердің құбылу, даму көкжиегі сондай шексіз! «Өнерлі өрге жүзеді» депті аталарымыз…
- Шыңына шыққанда, кері жүру үдерісі жүзеге асады. Тауға шыққан амалсыз сайға түседі. Бірақ мұңайып керегі жоқ: шыңға шыққанша қаншама өткелден өттіңіз, қаншама дүние көрдіңіз, қаншама ой түйіп, яғни жиған ғибрат-тәжірибеңіз қаншама! Ол енді мәңгіге сіздікі! Бұл Жолдың қалтарыс-бұлтарысы мен азап-ләззатын сізден артық ешкім білмес! Осы Жолдың Ұстазы болдыңыз енді!
- «Бір өнермен шектелме, басқасын меңгер, жан-жақты бол – Өмірдің сансыз бояуынан үлесіңді алып, тірлігіңді түрлендір; көкжиегіңді кеңітіп, көңіліңді гүлдендір» дегені. «Жігіт адамға жетпіс өнер де – аз» демей ме?!..
- «Санаңды тарылтпа, Мақсат-мұратыңды анықта» деген сөз. «Бұл өмірде өнерден маңызды дүние бар; ол – Өмірлік мақсатың, адамдық борышың, мұсылмандық міндетің! Өнер – сол Жолдың қызметшісі, сол Мұратқа жеткізер Жолың ғана! Ендеше қажет болса, өнеріңді құрбанға шал! Өнер – өнер үшін емес! Өнерді пұтқа айналдырып алып жүрме!» деген сөз.
Абайдың «Китаб тасдиқ» («Иман кітабы») деп аталған, көпшілікке «38-қара сөз» ретінде таныс шығармасында былай делінеді: «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз, малменен ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан. Бірақ ол өнер ғәдәләттан шықпасын, шарғыға муафих болсын».
Хәкім сөзін түсіну үшін сәл түсіндіре кетейік: Ихсан – діни дүниетанымда ең жоғары құлдық мақамы. Алла Тағаланы көрмесең де, көріп тұрғандай құлшылық хәлінде болу. Бұл дәрежеге жеткен адам іштей ашылуға, рухани шабытқа бөленеді.
Ислам – сыртқы көрініс, форма болса, Иман – ішкі мазмұн, мән, Ихсан – ақиқатқа қауышу. Бұл жерде Абай хакім өнерді осы ихсан дәрежесіне теңеу арқылы: «шынайы өнер – ғибадатпен тең» деп меңзегендей, «өнер хәлі – құлшылық хәліндей қастерлі» деп тұрғандай.
Келесі «Бірақ ол өнер ғәдәләттан шықпасын, шарғыға муафих болсын» дегені «өнердің қасиеті мен дұрыстығын шарғыға (шариғатқа) қарап өлшеймін, саралаймын» дегені. Яғни «өнердің де таразысы бар; ол таразы – адамшылық, ар-иман тезі» деп тұр емес пе хакім? Осы өлшемге сай келген дүние, яғни адам жанын тазартып, ізгілендіретін, ар-иманына шуақ шашып, жан-дүниесін байытатын дүние – шынайы өнер туындысы болып саналмақ.
Өнердің нәр алатын негізі – жүрек, құралы – сезім болса, сезімнің өзегінде – махаббат жатқанда ғана айтулы туынды өмірге келмек. Сол себепті өнердің мақсаты – сүйіспеншілікті арттыру. Мейірімнен, махаббаттан сұлу нәрсе бар ма?!
Түйіндесек: «Адамның сәні – өнер, білім, ақылы» (Жетес шешен). Өнер – адам баласының жасампаздығының белгісі, дәлелі. Өнер дегеніміз – сұлулықты сезіну, дүниенің ғажайыбын түйсіну; жан-дүниемізді жарыққа бөлеу арқылы Субхан Иемізді тану-табыну… Өнердегі нәзіктік пен шеберлік рухани тереңдіктен нәр алады. Бұл жайлы Таласбек аға: «Өнер деген – сұлулықта ояну», – десе, атақты ғалым Альберт Эйнштейн: «Дін, өнер және ғылым – бір ағаштың бұтақтары» депті. Яғни Өнер – адам баласын біріктіретін, кемелдендіретін құрал. Иә, өнер – пұт емес, құт…
Біздіңше, «өнер» деген ғажап дүниенің мән-мазмұны осындай. Әрине, анығын Алла біледі!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ