Сұрақ: Қонақ күтудің әдебі бар ма?
Жауап: Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне сәйкес үй иесі мен мейманның сақтауы тиіс әдептері мен ережелері бар. Мысалы, исламдағы үй иесі орындайтын меймандостық ережелерінің кейбірі төменде көрсетіледі:
– мейманды қуана қарсы алу;
– мейманмен әдемі әңгіме-дүкен құру;
– мейманға үйде бар азықпен тездетіп тамақ әзірлеуі және т.б.
Бұл кезде үй иесі тәулік барысында мейманын өзінің отбасы мүшелері мен қарамағындағыларға қарағанда жақсы тамақтандыруы тиіс, содан соң тағы екі күн өз бала-шағасын тамақтандырғандай азықтандырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Меймандостық (жасау уақыты) үш күн, мейманға сыйлық – бір күн, ал одан артығының бәрі ол үшін – садақа», – деп айтқан (Мүслим, әт-Тирмизи).
Басқаша айтар болсақ, үй иесі мейманды бір күн күтуге міндетті, қалған күндері қайырымдылық садақа болып есептеледі. Ал енді исламдағы мейман тарапынан көрсетілетін әдеп ережелеріне келер болсақ, онда:
– мейман үй иесін мазаламауы тиіс;
– мейман үй иесіне ұзақтау жатып алып, қандай да бір қысым көрсетпеуі керек.
Мейманның үй иесіне қысым көрсетуі деп оның үш күннен артық қонақ болуы немесе үй иесінің оны күтіп алуға жағдайы жоқ екенін біле тұра ұзақ уақыт жатып алуын айтамыз.
Әбу Шурайхтың (р.а.) былай дегені риуаят етіледі:
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Мұсылманға өз бауырының үйінде оны күнәға кіріптар ететіндей ұзақ қалуга рұқсат етілмейді, – деп айтады. Сонда қасындағылар:
– О, Алланың елшісі, ол қалайша оны күнәға кіріптар етеді? – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Мейманға беретін ас-ауқаты жоқ адамның үйінде ұзақ жатуы арқылы, – деп жауап береді (Мүслим).
Демек, қонақ болып түскен адамның қаржылық және әлеуметтік жағдайына да қарайлап қою керек. «Қазақ қонағын құдайындай сыйлаған» деп конақ күтуге шамасы келмейтін немесе әлеуметтік жағдайы төмен көп балалы, яки болмаса жақында үйленген жас отбасына қонаққа барып, оларға ауыртпалық түсіруден абай болған дұрыс.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Жалғас бауырымыздың материалдары қазақ халқының дәстүрімен ұштасып жатады. Келтірген мысалдары да керемет. Алла разы болсын баршаңыздан.