Маған бұл дүние қызық емес, өмірімді тек құлшылықпен өткізгім келеді. Ислам бұған не дейді?
Біріншіден, бұл дүниені де, ақыретті де жаратқан Алла. Адамды бұл әлемге сынақ ету үшін жіберді. Құдай адамды қуанышпен, қайғымен, дәулетпен немесе жоқшылықпен, өмірдің ақ-қарасымен сынайды. Пенде сол сынақ барысында орындаған амалына сәйкес марапат алады немесе күнә арқалайды. Себебі бұл дүние ақырет үшін азық жинайтын алаң. Сондықтан өмірді қалау немесе қаламау адамның ықтиярындағы дүние емес.
Екіншіден, исламда пайғамбар (с.ғ.с.) барлық мұсылман үшін үлгі. Оның өмірі, хадистері адамдарға өнеге. Пайғмбардың (с.ғ.с.) заманында өзінің өмірін тек құлшылыққа ранаған жас жігіт болды. Оның есімі Абдулла ибн Амр еді. Ол түні бойы намаз оқитын. Күндіз болса, ораза ұстап, Құран хатым түсіретін. Құлшылыққа берілгені сонша, тіпті жаңа түскен келіншегіне де көңіл бөлмейтін.
Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл жайтты оның әкесінен естіп білді де, Абдулланы қасына шақырды:
– Абдулла! Бері қара, сенің үстіңде денеңнің ақысы бар. Көздеріңнің ақысы бар. Жұбайыңның ақысы бар. Зиярат етушілердің де ақысы бар. Сол себепті айына үш күн ораза ұста. Құранды да айына бір рет хатым түсір – деп әмір етті.
Құлшылық етуден ляззат алатын әлгі жас жігіт пайғамбарға (с.ғ.с.):
– Уа, Алланың елшісі! Маған көбірек құлшылық етуге рұқсат беріңіз – деп өтінішін айтады. Пайғамбармен біраз пікір алысты. Аланың елшісі (с.ғ.с.) оған Дәуіт пайғамбар секілді бір күні ораза ұстап, ал келесі күні ауызын ашуды бұйырды. Құранды аптасына бір рет хатым түсіруге рұқсат етті. Кейін Абдуллаға құлшылықтың аз да болса, үздіксіз орындалғаны қайырлы екенін айтады (Бұһари).
Расында да Алланың елшісі (с.ғ.с.) сөзде немесе амалда шамадан тыс асыруды қайтарған. Мұндай амалдың пайдасынан зиянының басым екенін айтқан (Мүслим). Мұсылман әрбір істе, амалда орта жолды таңдайды (Бұһари).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ