Бүгінгі таңда мыңдаған қаракөздеріміз жат ағымдардың құрбанына айналып отыр. Оған дәлел күні кеше ғана Сириядан елімізге қайтарылған отандастарымыз. Бейбіт елден соғыс өртіне оранған аймаққа баруға оларды не итермеледі, неліктен олар өзгенің қаңсығын, таңсық көріп жүр? Осы сұрақ төңірегінде біз елімізге белгілі абайтанушы, филология ғылымының кандидаты, профессор Омар Жәлелмен сұқбаттасқан едік. Назарларыңызға көлемді сұқбаттың бірінші бөлімін ұсынамыз.
– Омар аға, күні кеше ғана «Жусан» операциясымен Сириядан жат ағымның жетегіне еріп кеткен 231 қазақ қайтарылды. Оралғандардың ішінде кішкентай періштелер көп. Шекара аспай-ақ өз ішімізде шоқынып кеткен, күнге табынып кеткен қазақтар әлі де жетерлік. Мұның бәрінің түп себебі неде?
– Сіз айтып отырған мәселелердің бәрі мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс шаруа. Онымен бірді-екілі адамдар күрескенімен, мәселенің түйіні шешілмейді. Бұл істе арнайы мемлекеттік бағдарлама және кешенді жұмыс болу керек. Мысалы, ағылшындарда «Англикандық шіркеу» институты деген бар. Олар балаларына балабақшадан бастап сол «Англикандық шіркеудің» қағидалары мен құндылықтарын үйрете бастайды. Олардан «Сіздер неліктен бұл іске қыруар қаражат жұмсайсыздар?» деп сұрағанда, олар «Қазір ақша бөлмесек, өскен соң олар радикалды ағымдардың қатарына қосылып кетсе, біздің шығынымыз одан бетер көп болады» дейді екен. Менің ойымша, бізде ұлттық бағдарлама жасалып, ол отбасынан бастап, балабақша, мектеп, жоғары оқу орнын қамтуы керек. Ұлттық бағдарлама – қазақтың ұлттық дәстүрлі дүниетанымынан тұруы қажет. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымымен сусындаған бала ешқашан радикалды ағымдарға кірмейді. Өкінішке орай, бізде біртұтас бағдарлама жасалмағандықтан, балаларымыз ұлттық дәстүрлі дүниетанымды бойына сіңірмегендіктен, әлбетте ол адамда «рухани ваккум» пайда болады. Абай атамыз: «Адам баласы дүниеге екі түрлі мінезбен келеді. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам, екіншісі – көрсем, білсем» дейді. Өкінішке орай, біздің ата-аналарымыз сол баланың «көрсем, білсем» деген жанының құмарлығын қанағаттандырмағандықтан, жанының құмарлығына ерген балалар жат ағымдардың қармағына ілінеді. Қазіргі кезде мемлекет осының бәрін бақылап, бағдарлап отыр. Бірақ аталған мәселені шешетін кешенді бағдарлама жоқ. Мәселен, бұл мәселелерді шешкен Түркия сияқты мемлекеттер бар. Олар балаға мектептен бастап, өздерінің бұрынғы дәстүрлі діни өкілдерін, ұлттық дәстүрлі дүниетанымдарын оқытады.
– Жақсы, бізде діни мәселерді шешуге негізделген мемлекеттіктің көзқарасы, дін саласындағы мемлекеттің саясаты секілді және де мемлекеттік бағдарламалар деңгейіндегі бірқатар саяси ұстанымдар бар. Сонда сіздің пікіріңізше, осы қолданыстағы механизмдердің барлығы мардымсыз ба?
– Бұл жерде дәстүрлі дүниетаным деген бір мәселе бар. Негізінен кез-келген мемлекет сол елді «мемлекет» ретінде ұстап тұрған дәстүрлі дүниетанымын қорғауы керек.
– Біз қорғай алмай жатырмыз деп ойлайсыз ба?
– Біз қорғай алмай жатырмыз. Біз қорғай алмай жатқаннан кейін, біздің дәстүрлі дүниетанымды бойына сіңірмеген балаларды шетелдің христиандық миссионерлік ұйымдары алып кетіп жатыр. Неге, өйткені дәстүрлі дүниетанымды біз балаларға сіңіре алмай жатырмыз ғой. Негізінен мемлекет қазақ тілін және сақ, ғұн замандарынан бері қазақтың мемлекеттігін сақтап келген дәстүрлі дүниетанымды қорғауға міндетті. Себебі ол мемлекеттің фундаменті, ол құласа мемлекет құлайды. Мемлекет соны қорғамай отыр ғой. Қорғамағаннан кейін біздің балаларымыз жат ағымдардың жетегіне кетіп қалып жатыр. Ал діннің өзі дәстүрлі дүниетанымның ішіне кіреді.
– Сонда біз себеппен емес, салдарымен ғана күресіп жатырмыз ба?
Иә, біз себебімен емес, салдарымен ғана күресіп жатырмыз. Біздегі мектепте қазақы дәстүрлі дүниетаным ұғымы жоқ, мектептеріміздің өзі қазақтың мектептері емес. Себебі онда қазақтың иісі де шықпайды. Бұрынғы Кеңестік инерциямен құрылған мектептер. Балаларымыз мектепте қазақша оқиды, дәлізде орысша сөйлейді. Қошке Кемеңгеров айтқан ғой: «Әр істе қазақтың иісі шығып тұратын күн туа ма екен?!» деп. Қай істен де қазақтың иісі шығуы керек. Елімізде «Бабалар сөзінің» 100 томдығы шығарылды, сол кітап мектептерде баланың жасына сай ертегілерден бастап, жыр-дастандарға дейін бастан-аяқ оқытылуы керек. Сонда әрбір балада рухани ваккум болмайды. Біздегі бұл проблемаға жат ағымға кетіп қалған балалар кінәлі емес, солардың ішкі әлеміне жауап бере алмай отырған «біз» кінәліміз. Содан ол керегін интернеттен алады. Олардың сұраныстарына жауап беретін қазақы авторитеттер болмағандықтан, радикалды ағымдардың авторитеттерінен, шейх сымақтарынан кеңес алып, не істеймін, қалай болады деп ақылдасып отырады.
– Қазір сіз еліміздің түкпір-түкпірін аралап, Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіп бабамызды насихаттап жүрсіз. Дәрістеріңізге келуші қазақтарды пәлсапалық ойларыңызбен, дәстүрлі дүниетаныммен таныстырып жүргенде тыңдаушыларыңыз таңғалып, жаңа бір дүниемен кездесіп жатқандай сезімде болған сәттер болды ма?
– Иә, көпшілігі әңгімені «Құдай-ау, бәрі өзімізде бар екен ғой» деп бастайды. Бірде белгілі ақын Есенғали Раушанов Германияға барып келген соң: «Ей, аңғалдық, аңғалдық, алтынның үстінде отырып, біреудің күмісіне таңғалдық» деп айтыпты. М.Мағауиннің: «Тексіздіктің жегі құрты біздің ұлттық дүниетанымымызға түскен» деп айтқаны бар. Сол құрт бізді мүжіп, қажап жатыр. Тексіздік деген халықтың өзін-өзі менсінбеуі, өзін-өзі танымауы, өз мұрасынан өзі жиіркенуі.
– Біз мұндай хәлге қай кезде душар болдық сонда?
Отаршылдық кезінде. Біз отар болған халықпыз. Енді біз отарсызданбайынша бұл тексіздіктің жегі құрты біздің ұлттың ұлы діңгегін мүжуді тоқтатпайды. Ал отаршылдықтың ең басты мақсаты осы еді ғой. Бір халықты өзіне деген сенімінен айыру және олар дегеніне жетті. Қазір халық өзіне сенбейді, ал өзіне сенбеген халық мемлекет құра алмайды.
– Отаршылдық деп жатсыз ғой. Қазіргі ақпарат заманында отаршылдықтың жаңа сипатқа ие түрлері көп. Дәстүрлі дүниетанымымызға қатысты отарлау, яғни, экспанция шабуыл бар деп ойлайсыз ба?
– Неоколонолазим деген ұғым бар ғой, сондықтан ол әлбетте бар.
– Кімдер тарапынан?
– Олар «ұлт деген жоқ» деп әңгіме айтатын радикалдар. Алайда олар «бәріміз бір мұсылманбыз» дейді.
– Шын мәнінде олардың көздегені не?
– Өз идеологияларын жүзеге асыру ғой.
– Олардың иедологиялары шын мәнінде жүзеге асып, өз мақсаттарына жетті делік. Содан кейін не болады?
– Ол жағын мен білмеймін, оны өздерінен сұрау керек. Біздің мақсатымыз айқын. Біз – өз ұлтымызды сақтап қалуымыз керек. Өйткені құранда: «Біз сіздерді ұлттар мен ұлыстар қылып жараттық» дейді. Керісінше сен өз ұлтыңды сақтап қалсаң, ұлтыңа қызмет етсең Алланың ең сүйікті құлы боласың. Өйткені ұлт – шебер құдайдың шедеврі. Ал қазір қаншама ұлттар мен ұлыстар жер бетінен жойылып жатыр. Неге? Олар өздерінің ұлттарын сақтап қалуға қауқарлары жетпей жатыр. Ал құранда айтады: «Егер сендер өздеріңнің ұлттарыңды сақтап қала алмасаңдар, менің айтқаныммен жүрмесеңдер, онда мен сендерді жер бетінен жойып, орнына маған сенетін ұлттарды қайтадан жаратамын» дейді. Сондықтан мен ойлаймын, ұлтыңды сақтап қалу – иманның мәселесі. Иманы күшті ұлт ғана өзін сақтап қалады. Шын мәнінде біздің ғұламалардың айтатын әңгімесі сол ғой. Олар: «Мұсылман боламын десең, әуелі қазақ болып ал» дейді. Мысалы, дінді, фикһты, амалды, ақлақты жеке-жеке мектепте оқыту дәл қазір мүмкін емес нәрсе. Менің ойымша, алдымен қазақ әдебиетін жақсылап оқытып алсақ та жаман емес, соның ішінде бәрі бар. Ғасырлар бойы осылардың бәрі қазақтың қисса-дастандары мен ертегілеріне, жыраулар мұрасы мен мақал -мәтелдеріне сіңген. Сол дәстүрлі дүниетанымды дұрыстап оқытсақ, ұлттық кеңістікті толтыруға мүмкіндік аламыз. Тағы айтамын, ол жеке адамның қолынан келмейді. Оған мемлекет жүйе жасау керек.
(Жалғасы бар…)