Бала кезімізде ауылда бір адам қайтыс болса, сол көшемен жүруге қорқатын едік. Бейне бір сол ажал періштесі сені де алып кететіндей сезімде болатынбыз. Қазіргі күнмен салыстырғанда өлім де аз болатын. Ал қазір өлімнен қорқу азайған сияқты.
Өлген адамды көрсе де, қайғылы жерге барса да, кәдімгі жағдай сияқты сезіну байқалады. Тіпті жол апатын видеоға қызықтап түсіріп тұру белең алды.
Атам қазақ: “Үш нәрсе: ұйқы, күлкі, тамақ арсыз” деп айтқандай-ақ. Осының бәрі неге өзгерді деп ойлайсыз?
Менің ойымша, тоқсаныншы жылдардан бастап, теледидардан да, кинодан да, жаңалықтардан да жаман ақпараттар ашықтан-ашық көрсетіле бастады. Жастар арасында соның әсері қатты болып, қылмыс та, өлім де көбейген еді. Аллаға шүкір, асыл дініміздің насихаты жүріп, біраз тоқтау болды.
Ал кейінгі кездері әркімнің қолында төрткүл дүниені көрсететін, жақсыны да, жаманды да сала беретін, дүниежүзін торлаған қалтателефон пайда болды.
Құран Кәрімде: “Алла (Т.) жаман сөздің жарияланып сөйленуін жақсы көрмейді. Бірақ зұлымдыққа ұшыраған біреудікі басқа. Алла әр нәрсені естиді, біледі” деп бұйырған. (Ниса:148)
Жамандықтың тез тарауы, жақсылықтың баяу жетуі – табиғи құбылыс. Сол себепті мұсылман адам жақсылыққа шақырып, жаманшылықтан қайтарушы қатарынан болуы керек.
Жаназаға барған кезде де, қаза болған жерде де, зират басында да өзін-өзі дұрыс ұстап, ақыретті ойлап, шынайы дұға етуі қажет. Көптеген хадистерде адам баласы жан тапсырар алдында тілі байланып, кәлимаға келмеуіне осы нәрселер себеп болуы жайлы айтылған.
Абдулла ибн Масғұдтан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі оған болсын): “Мен сендерге жарқын, адастырмас жол тастап кеттім. Сондай-ақ біреуі сөйлейтін, біреуі үндемейтін екі уағызшы қалдырдым. Сөйлейтін уағызшы ол – Құран, ал үндемейтін уағызшы ол – Өлім. Егер бір мәселе туындаса, Құранға жүгініңдер, ал егер жүректерің қатыгезденіп кетсе, онда өлім және оның қиыншылықтарына ой жүгіртіңдер» деп келген.
Сондықтан әрбір Аллаға, Пайғамбарына және ақырет күніне иман келтірген мұсылман адам өлімге құрмет көрсетуі – міндет.
Алла баршамызға тура жолды нәсіп етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА