«Мунафиқун» сүресінің 10-шы аятында жантәсілім еткен пенденің бір тілегі жайында айтылған. Ол – садақа беру. Сондағы пәнилік болған адамның айтатыны: «Уа, Раббым! Менің өлімімді аз ғана уақытқа кешіктірсең, мен садақа беріп, ізгілерден болар едім».
Мұның мәнісі неде? Неге ол «намаз оқитын едім», «қажылыққа барар едім», «ораза ұстар едім» демейді?
Ғалымдардың айтуынша, мұның мәнісі: о дүниелік болған адам садақаның сауабына көз жеткізуінде.
Жалпы садақаның шарапаты мол. Оның пайдасы екі дүниеге де тиесілі. Мәселен, садақа:
1. Күнә мен қателік кәффараты (өтемі).
2. Басқа түсіп келе жатқан бәлеге қарсы қалқан.
3. Хақ Тағаланың разылығына лайық етеді.
4. Қабір отын сөндіреді.
5. Қияметтегі мүміннің панасы.
Басқа да сауабы мол!
Жалпы әрбір ізгі амал, тіпті мүмін мүміннің жүзіне күліп қарағанның өзі садақаға жатады. Сондықтан да садақаны молайтайық, құрметті мұсылман қауым!
Сол садақаның бірі – осы айтылғанды өзгелерге жеткізу. Осының себебінен біреу садақаның мәнісін түсініп садақа берсе, әрі Алла Тағаланың қалауымен дәл сол садақа Қияметте жәннатық болуымызға септігін тигізіп жатса, ғажап емес пе?!
Абдуссамад МАХАТ,
«Астана» медресесінің ұстазы