Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдыры» атты іс-шара өтті.
«Бекет Ата» орталық мешітінің жанындағы спорт кешенінде өткен іс-шараға әлеуметтік осал топтағы балалар, аз қамтылған отбасылардың балалары қатысты. Бұл игі істің басты мақсаты – балалардың санасында «Балаларды қорғау күні» туралы түсініктерін қалыптастыру. Сондай-ақ қоғамға бейімдеу және әлеуметтендіру жұмыстарын сапалы жүргізу. Сонымен қатар, балаларды өзін құрметтеуге, әлеуметтік мәнділік сезімін қалыпастыру және жеке тұлға ретінде көрсете білуге тәрбиелеу.
Ойын дегеніміз – ұшқын, білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанған оты. Міне, ойын дегеніміз – тынысын кең алысқа меңзейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиялмен қанат беретін осындай ғажап нәрсе, ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы.
Бүгінгі іс-шара барысында балалар батутта секіріп, садақ ату және арқан тарту, өзге де қызықты ойындар ойнап, өзара сайысқа түсті. Бұл ойындар баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдылыққа баулиды.
Ұйымдастырушылар тарапынан балалардың қуанышын үстемелей түсу үшін аниматорлық ойындар қойылды.
Мереке соңында балаларға сусындар мен тәттілер беріліп, түрлі сыйлықтар үлестірілді.