Ойлай білу, ойлана білу – адамдық асыл қасиеттердің бірі әрі бірегейі. Бірақ ой топанының астында қалу мен саналы түрде ой кешу – мүлде бөлек нәрселер.
Сезім мүшелері арқылы келген сыртқы әсерлерге елту – ойлану емес. Мысалы, көлікте келе жатырсыз делік, аяқ асты қатты үрген иттің даусы жетті құлағыңызға: ойыңызда сол сәтте ауылдағы атаңыздың иті ме, жалпы ит туралы естіген-білген нәрселеріңіз қаптап келе қалады.
Сөйтіп, «адал достар» туралы ойлап тұрғаныңызда аялдамада кірген ана бір ағайдың үстіндегі тонына көзіңіз түсіп кетіп, тура сондай тоны бар нағашыңыз туралы ойға кетесіз. Соның арасында радиоқабылдағыштан сіздің жас кезіңіздегі бір әуен ойнап қоя береді де, қиялыңыз 15 жыл бұрынғы күндерді шарлап кетеді…
Осылай әрбір дыбыс, зат, құбылыс ойымызды сан-саққа бөліп жүргенде, кештің батып, таңның атып кеткенін де байқамай қаламыз-ау. Міне, осы басы бар, аяғы жоқ ой ұшқындарының, еріктен тыс жүріп жатқан ой ағыны, қиял тізбегінің әсерінен шыға алмауды – «ояу жүріп түс көру» немесе «ұйықтап жүріп ой кешу» деп атауға болады.
Ойлану – саналы әрекет, яғни сыртқы және ішкі әсерлерге берілген реакция: автоматты жауап, санасыз, еріксіз ілесу емес, өз еркіңмен іске асатын ояу сананың қабілеті.
Ойлай білу – ойлау мәдениетінің жемісі. Ал ойлау мәдениеті – зейін шоғырландыру, талдай білу, үйлестіре, байланыстыра білу секілді қисынды ойлау машығымен қатар, сезімталдық пен ақиқат алдында бас ие білу, өз пенделік «меніңнен» жоғары бола білу қасиеті...
Ойлау – ақылдың қызметі, алайда «ақылдан залымдық та шығады, ғалымдық та шығады». «Тәрбиесіз ақыл апатқа алып барады» деп әл-Фараби бабамыз ескертсе, Абай хәкім «Әуелден бір суық мұз – ақыл зерек»деп жылы жүрекпен байланысын үзген ақылдың толық болмайтынын түсіндірген еді.
Есебі күшті, елжіреуі жоқ, меселі қатты, мейірі жоқ суық ақылдың зардабын қазір көріп отырмыз. Мысалы, суық ақыл бір бомбамен қанша көлемдегі жерді қопарып, қанша мың адамды күл қылуға болатынын дәл есептеп береді; ондай ақыл үшін адам – тәжірибе жасалатын зат та, көз жасы, қайғы-мұң, табиғат әсемдігі – есепке алынбайтын мәнсіз нәрселер.
Өйткені суық ақыл – Құдайын ұмытқан сананың жемісі. Сондықтан Алла мен адам факторын ұмытқан, жауапкершіліксіз ойлау жүйесінің тұжырымын қабылдау – ақымақтық, ол ойлануды «толыққанды ойлану» деп есептеу – ағаттық болары анық.
Ойлану – қарастырып отырған заттың немесе құбылыстың түп мәнін түсінуге деген талпыныс. Ойлану – өміртану болғандықтан, ойлана білу, түсіну дәрежесіне қарай адамдардың өмір жайлы тұжырымы екі түрге бөлінеді: пікір (мнение) және сенім (убеждение).
Пікір дегеніміз – ақыл сарабынан толық өтпеген хабар-ошарлардың жиынтығы. Сондықтан пікір өзгере береді. Бір мәселе туралы адам басында бір-біріне кереғар бірнеше ақпарат болуы мүмкін және ешқайсысы ақыл тезіне түсіп, сана сүзгісінен өтпегендіктен, ол пікірлер ой-жүйеде берекесіздік тудырады.
Соңына дейін ойланбаған, үздік-создық, бас-аяғы жок, мұндай жүйесіз қойыртпақтар – «клиптік сана» деген атауға ие болған, бұлыңғыр сана, тұрлаусыз көңіл иелерін қалыптастырады. Ал ондай адамдарға психологиялық ауытқулар, көңіл күй тұрақсыздығы, стрестік жайларға бейімділік, жігерсіздік тән болады.
Атүсті пікірмен өмір сүрушілер – қолдан жасалған «қоғамдық пікірдің» белсенді жактаушылары; ойлары мен сөздері, киімдері мен хоббилері де ұқсас, «мода» ауруына шалдыққыш, өзгеше болудан өлердей қорқатын, типтенген-бірегейленген, «ойжалқаулық» деген ой кеселінің белгілері бар бауырларымыз.
Өкінішке қарай, ойсыздықпен астасқан атүсті пікірлі, «жұрт айтса болды, көп айтса көнді» адамдар көпшілікті құрайды әрі «ақша» деген пұтқа табынушы алпауыттар басқарып отырған қоғамға да ойлана білер тұлғалар емес, ойсыз тұтынушылар керек екені белгілі…
Біліммен бекіген Сеніммен өмір сүрушілер – әр құбылыс пен заттың түп-тамырын танымайынша тынбайтын, әр нәрсеге өзіндік пайымы мен көзқарасы бар, өмірлік ұстанымы айқын, ақиқат алдында ғана бас иетін жандар. Адамзатты алға сүйреуші, қоғамды қозғаушы тұлғалар осындай сенім иелері екені айтпаса да түсінікті.
Ойсыздық – қазіргі күн кеселдерінін ең ірісі. Ақпарат тасқыны дәуірінде ойсыз болу ойға сыймайтын іс сиякты болғанымен, шындығы сол. Өйткені, мәліметтің мол болуы ойлау мәдениетін қалыптастыра алмайды. Ой елегінен өткізіп, жан-жүрекке жеткізген нәрсе ғана білім бола алады. Қазіргі техногенді қоғам, өнеркәсіптік-шаруашылық жүйе өз ісінің шеберін, бірақ басқа саладан хабары жоқ тар шеңберлі мамандарды қалыптастыруда.
Тіпті, білім саласындағы тестілеу жүйесі де, интеллектуалдық жарыстар мен ойындардың ереже-тәсілі де – ойлана білуді емес, мағлұматтың көптігі мен есте сақтау кабілетін дамытуға ғана бағытталып отыр.
Адамның тілдік қорын жетілдіретін, елестету, қиялдау қабілетін дамытатын, ми белсенділігін талап ететін, іргелі білімнің бұлағы – кітап оқуды ығыстырып шығарған теледидар мен компьютер – ойсыздық кеселінің негізгі себептерінің бірі.
Ғалымдардың айтуынша, дайын дүниені шалқадан жатып көру кезінде ми шарларының арасындағы байланыс үзіледі екен де, адам көзі ашық отырып ұйқы жағдайына түседі екен. Қызылды-жасылды қиялдағыдай көрініске арбалған, гипноздык күйдегі сана наркотиктік мастануға ұқсас әсер алғандықтан, көріністерді бірінің артынан бірін көруге құмартып тұрады екен. Алған әсер, негізінен, сезімдік-эмоциялық болғандықтан әрі бір әсерді екіншісі басып отырғандықтан, ойға азық емес, үзік-үзік елестер мен үстіртін пікірсымақтар қалыптасып, жиналады екен. Көзбен көрген, құлақпен естіген, тілмен айтылған, көп ойлаған жайлар – рухымыздын азығы, жүрегіміздің нәр алар бұлағы екенін ескерсек, ойланар шаруа жетерлік…
Ойсыздықтың ең негізгі себебі: Абай хәкім айтқан адам бойындағы екі қуаттың бірі – «көрсем, білсем» деген жан қуатының азаюы; тәрбиесіз, азықсыз қалған рухымыздың мешеу қалпы.
Дұрыс ойлай білу – дұрыс өмір сүрудің кепілі. Өйткені, сөз – ойдың көлеңкесі болса, әрекет – ойдың нақты көрініс табуы. Ойсыздың сөзі – нәрсіз, ісі – мәнсіз…
Ойлау мәдениетін қалыптастырудың бір жолы – ойларды бақылап үйрену. Әрбір саналы азамат әрекет-амалдарының әдепті де әдемі, сөздерінің сыпайы да сырлы болуын қадағалайтыны секілді, ойларын да бақылауға алуы, бағыттап отыруы – рухани жетілудін қажетті шарты.
Біз күнделікті тіл қолданысымызда «маған бір ой келіп тұр», «оһ, бір идея келді!» деген секілді сөздерді көп айтамыз. Ойдың келетінін, кететінін мойындаймыз, бірақ қайдан екеніне ой жүгіртпейміз. Шәкәрім атамыз айтады: «Ойды қайдан алғанын адам өзі сезбейді, Жанның айдап салғанын білмесе де іздейді». Жанның нені іздеп, қайда айдап жүргені өзінше тамыры терең, толғаулы әңгіме болғандықтан, оны жайына қалдырып, ойдың қайдан келетіні туралы әңгімені өрбітейік.
Пайғамбар хадистеріне сүйенген ғұламалардың айтуынша, ой екі қайнардан бастау алады: таза, жасампаз, жарық ойлар – періштелер әлемінен; қара, күңгірт, арам ойлар – нәпсани-шайтани өрістен. Бұл екі қуат адам жан-дүниесінде екенін және ойдың түбі жүректе болатынын, ниет пен ойдың таза болуы жүрек тазалығына тәуелді екенін ескертеді.
Ойды бақылау – көңіл көкжиегінде пайда болған немесе кетпей қалған ойдың қай қайнардан бастау алып, қай арнаға бастап бара жатқанын сана сарабына салу деген сөз…
Адамзаттың бақыты – адамгершіліктің салтанат құруына байланысты болса, жеке адамның өзін бақытты сезінуі өзі сияқты жұмырбасты, жұмбақ кеуделі адамдармен арадағы қарым-қатынасына тәуелді. Басқалармен ашық-жарқын, бауырмал, мейірлі қатынаста болу жан-дүниені жадыратады.
Ал арадағы байланыс ең әуелі ішкі ниет-пиғылдан, алдымызда тұрған адам туралы ой-пікірімізден басталады. Сырттай сыйлағанмен, іште алалық болса, сол ішкі шынайы сезім, шұбар ойға лайық жауап аламыз. Осы шындықты тереңдете түсіндірген даналар «Сыртқы әлем – ішкі әлемнің шағылысы, жаңғырығы» деп тұжырымдаған.
Хәкім Абай «Әлем ойдан шығады» деу арқылы Будданың «Біз – ойларымыздың салдарымыз» деген түйінін пысықтай түседі. Ал ақиқаттың жаршысы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Жақсы ой – жақсы құлшылық» деген…
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ