Әбілғазы өзінің «Түрік шежіресінде» Оғыз қағанның бір тәңірге сенуді дәріптеп, Моңғол, Татар, Шүршіт, Қытай, Тұран, Үндістан, Иран, Шам, Мысырға жорық жасап, жаулап алғандығын жеткізеді. Негізінен бұл факт «Оғызнама» дастанында баяндалады. Ал «Оғызнама» дастанының кейіпкері кім? Ол пайғамбар ма, әлде әлемді жаулаушы жиһангер ме?
Оғыздың туыла салып, анасына Тәңір-Тағалаға иман келтірмейінше, емшегін ембейтінін айтуы, пайғамбарлық сипатқа ұқсайтыны белгілі. Себебі бүкіл пайғамбарлар «исмат» (күнәсіз, пәк) сипатымен ғұмыр кешеді. Тіпті, Оғыз қағанның тілі шығысымен «Алла, Алла» деуі, Көр хан мен Көз ханның қыздары кәпір болғандықтан, олармен төсектес болмауы, дінсіз әкесін жеңіп таққа отырғаннан кейін, кәпірлерге қарсы ғазауат жасауы – оның шынында да пайғамбар болуы мүмкін екенін аңғартады.
Оғыз қағанның образын Құран кәрімдегі Ескендір Зұлхарнайынмен ұқсатушы ғылыми тұжырымдар да кезігеді. Мәселен, XVI ғасырда өмір сүрген Рүстем Паша жазған «Тауарих Әли-Осман» атты шығармада Құран кәрімдегі Зұлхарайынның Оғыз қаған екендігі айтылады. XVIІ ғасырдың атақты тәпсірші ғалымы Вани Мехмет Ефенди «Арайсул-Құран» атты шығармасындағы «Кәһф» сүресіне жасаған түсіндірмесінде Батыс пен Шығысты бағындырған Зұлхарнайынның «Оғызнама» дастанындағы күллі әлемді жаулап алушы Оғыз қаған екеніне тоқталады.
Сондай-ақ, Нәшридің «Китаб-и Жиһаннамасында» Шығыс пен Батысты жаулап алушы Оғыз қаған Құран кәрімде айтылатын Ескендір Зұлхарнайын болуы мүмкін» – дейді. И.Х.Данышменд «Түркілік мәселелер» атты зерттеуінде Құран кәрімдегі Зұлхарнайынның түркі билеушісі Оғыз қаған екеніне еш күмәнданбайтынын жеткізеді.
Ескендір Зұлхарнайынның түркілерге қатысы бар екендігі Махмұт Қашқаридің «Лұғат ат-Түрік» атты еңбегінде де айтылады. Шығарма иесі «ұйғыр» атауының шығу тегін тарқатқанда Ескендір Зұлхарнайынның түркі жауынгерлерінің аттың үстінде тұрып садақ тартуда алдындағы нысананы қалай көздеп атса, артындағыларды да солай көздеп ататын мергендігін көріп: «Инан Хузхуранд» («бұлар ешкімге мұқтаж емес», яғни аң атып күнін көре алады мағынасында) – деген көрінеді. Махмұт Қашқари кейін «Хузхур» сөзі өзгеріске ұшырап «Ұйғыр» болып аталғанын баяндайды.
Кейбір тарихшылар Құран кәрімде аты кездесетін Ескендір Зұлхарнайынды әл-Мунзир бин ас-Сама немесе Әбу Қариб әл-Химияри десе, келесі бір зерттеушілер оны атақты жаһангер Александр Македонскийге ұқсатады. Ал тәпсірші ғалымдар Ескендір Зұлхарнайынды Ибрахим пайғамбар дәуірінде өмір сүрген Йемен елінің құдіретті патшасы деп біледі.
Десе де, Ескендір Зұлхарнайынның кім болғандығы, қай дәуірде өмір сүргендігі ғылымда әлі нақтыланбаған. Тек оның Батыс пен Шығысты жаулап, қиямет-қайымда шығатын Яжуз бен Мажуз қауымынан сескеніп, өзінен көмек сұраған тайпа өкілдерін қорғау үшін екі таудың ортасына темірді балқытып, шойыннан қорған тұрғызғандығы туралы илаһи хабарлар (Кәһф, 83-98) жеткен. Сол себепті, Ескендір Зұлхарнайын мен Оғыз қағанды бір тұлға деп санайтын түрікшілдікке негізделген теорияны ғылыми жорамалдардың бірі деп ғана қабылдауға болады.
Мұхан ИСАХАН