Сұрақ: Өгей әкенің қыз ұзатудағы рөлі қандай? Оның қыздың күйеуге шығуына рұқсат бермеуге құқығы бар ма? Тұрмысқа шығатын қыз 26 жаста, бұрын күйеуге шықпаған. Туған әкесі тірі, бірақ қарым-қатынас үзілген.
Жауап: Өгей әке әйелімен бірге келген қызға уәли бола алмайды. Сондықтан ол қыздың тұрмысқа шығуына тыйым салуға құқығы жоқ. Мұндай кезде қыздың анасы оны тұрмысқа бере алады. Себебі ана «ғасибтар» (әкесі, ағасы және әкесінің туысқандарының ер кісілері) болмағанда уәлидің орнына жүреді.
Бұл Әбу Ханифаның пікірі. Оның негізгі дәлелі Ибн Масғудтан (р.а.) жеткен хадис. Онда Ибн Масғуд әйеліне өз қызын тұрмысқа беруіне рұқсат еткені туралы айтылады.
Негізі ол Ибн Масғудтың (р.а.) қызы емес. Сондықтан ол қыздың некесі анасының уәлилігімен іске асты. Алайда, әкесі мен оның туысқандары болмаған жағдайда, өгей әкесі тақуа, әрі салиқалы болса, онда оның уәли болуына рұқсат беріледі.