Кез келген дамыған мемлекет құқықтық жүйеге сыбайлас жемқорлық пен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді жою арқылы жеткені заңдылық. Қазақстан үшін де бұл таныс тақырып қана емес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі жобалардың жасалуына мүдделілік туғызуда. Осы орайда Нұр-Мүбарак университетінің комплаенс-қызметіне жауапты, проректор кеңесшісі Ерлан Халиуллаұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жайлы оқытушы-профессорлар мен қызметкерлерге жан-жақты түсіндірді.
Нұр-Мүбарак университеті – сыбайлас жемқорлықтан таза бірден-бір мекеме әрі жоғары білім ордасы. Дегенмен мемлекеттік саясатты қолдау қашанда жүйелі жүріп жатқандықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комлаенс-қызметінің мақсат, міндеті жайлы жаңа оқу жылы басында ұжымға кеңінен жеткізілді. Ерлан Халиуллаұлы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ осы бағыттағы іс-шаралардың іске асырылуына мониторинг жүргізіліп отыратынын хабарлады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған комплаенс бағдарламасының маңызды талаптарының бірі – СЖ байланысты барлық сын-қатерлерді бағалап отыру. Соған сай, корпоративтік этика мен мәдениеттік қалыптастырудың маңыздылығы айтылды. Бұл тұрғыда «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету жөніндегі жемқорлыққа қарсы стандарттары» жайлы, оның жалпы ережелері мен принциптері, қағидаттары түсіндірілді. Бұл талаптар тек қағаз бетімен шектелмей, кез келген студент пен ұжым мүшелерінің құқықтары қорғалып, арыз-талаптары қабылданатыны, арнайы сауалнамалар жүргізіліп отыратындығы ескертілді.