Бүгін Нұр-Мүбарак университетінің ұжымына жаңадан тағайындалған ректор, әл-Азһар университетінің профессоры Ахмад Хусейн Мухаммад Ибраһим ресми түрде таныстырылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келді.
Қанат Ысқақов өз сөзінде:
«Доктор Ахмад Хусейн мырза, сізді жаңа лауазымыңызбен құттықтай отырып, сәттілік тілеймін. Өмірбаяныңызға қарап, мол тәжірибеңіз бен біліміңізді, сондай-ақ басқарған барлық ұйымдарда қол жеткізген жетістіктеріңізді көріп, Қамқоршылар Кеңесінің таңдауы дұрыс жасалғанына сенімдімін» – деп пікір білдірді.
НМУ құрылтайшысы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да жаңа ректорды құттықтап, оқу орнының болашақ имамдар мен дін мамандарын даярлаудағы рөліне ерекше тоқталды:
«Бұл оқу ордасы Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасының тарихи әрі рухани байланысының нәтижесінде құрылған. Ширек ғасырға жуық тарихы бар еліміздегі бірегей діни білім ордасы ретінде Нұр-Мүбарак университетіне артылатын үміт үлкен» – деп атап өтті.
Жаңа ректор Ахмад Хусейн Мухаммад та өз кезегінде құттықтауларға ризашылығын білдіріп, оқу орнының екі ел арасындағы рухани әрі білім беру ынтымақтастығын нығайтудағы рөлі туралы сөз қозғады. Ол: «Мен осы сенімді ақтау үшін бар күшімді салып білім беру ісінде де маңызды жұмыс атқаратын боламын» – деп атап өтті.
НМУ проректоры, доктор Ершат Оңғар бұл шараны тарихи оқиға деп бағалап:
«Профессор Ахмед Хусейн мырзаның біліктілігі мен тәжрибесі, университетімізді жаңа деңгейге көтеруге және сапалы кадр дайындауға үлкен септігі тиетініне сенімдімін. Жаңа басшылықпен біз жаңа бастамаларға қадам басуға дайынбыз» – деп атап өтті.