Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде сүйінші жаңалықтың шашуы шашылды. Университет студенттері мен қызметкерлеріне арналып, «NM MINI-MARKET»-інің тұсауы кесілді. Күнделікті ас-судан бастап, сүт, нан, қант, шай, жеміс-жидек, шаруашылық заттары, кітаптар мен түрлі сыйлықтар бөлімі, яғни әр тұтынушы өзіне қажетті өнімнің бәрін табатын дүкен, әсіресе студенттер үшін қуанышты жаңалық деуге болады.
Бұл жобаның көптен бері ойда жүргенін алға тартқан проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев:
– Біздің мақсатымыз – студенттерге және қызметкерлерімізге ыңғайлы жағдай жасау. Әсіресе, студенттер күнделікті қажетті заттарды алу үшін дүкен іздеп сыртқа сабылып, уақыт оздырмай, бар керегін осы маркеттен тапса дейміз. Бұл әрі олардың қауіпсіздігі үшін де қажет, – деген ойымен бөлісті.
Шағын маркет жұмысын университеттің шаруашылық бөлімінің маманы Гүлжан Маташева қолға алған. Ол азық-түліктен бастап дүкендегі барлық заттар бағасы өте тиімді, қаладағы ең арзан сауда орындарымен бәсекелес болуға әбден лайық екенін алға тартып:
– Бастысы, студенттердің сұранысы мен талаптарына сай болып қана қоймай, ұстаздар қауымының да сүйікті сауда нүктесіне айналғанына мән береміз, – деген ойын ашық жеткізді.
Шашу шашылып, «құтты болсын» айта келген университет қызметкерлері тіл үйірер тәттілерден дәм татып, жылы лебіздерін жаудырды. Жаңа дүкеннің берекелі болуына тілектестіктерін жеткізді.
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі