Еліміздің дін саласының мамандары жаңадан 400-ге жуық жоғары білімді исламтанушы, дінтанушы, теологтармен толықты. Бүгін «Нұр-Мүбарак» университетінде бакалавриат бағдарламасымен білім алған студенттерге салтанатты түрде диплом мен арнайы марапаттар табысталды.
Қазақстан мен Мысыр елдерінің әнұранымен басталған қуанышты жиында беташар сөз сөйлеген ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат Қазақстандағы ректорлық қызметі басталған сәтте студент атанған биылғы түлектердің өзіне ыстық екенін айтып, ағынан жарылды: «4 жылдық оқу – бұл білімнің кілті ғана, білім жолы енді басталады. Әр сәттереріңізді жоспарлап, өздеріңді үздіксіз дамытыңдар», – деп әлемге мейірімділікті сүйіншілеген ислам атынан кәсіби өмірге басқан алғашқы қадамдарына сәттілік тіледі.
Ал проректор, доцент Қайрат Құрманбаев: «Руханият мемлекет дамуының үлкен тірегі, ал сіздер руханият өзегі болған дін ілімдерін үйрендіңіздер. XXI ғасыр талабы өте жоғары болғандықтан, жаһандану талаптарына, бәсекелестігіне жауап бере алу қажет. Сіздердің қоғамда діни тұрақтылықты қалыптастыруда рөлдерінің маңызды», – деп жас түлектерге сенім білдіріп, жүрекжарды құттықтауын арнады. Мерекеде «Талас» ансамблі «Көңілашар» күйімен шашу шашып, танымал өнерпаз Сержан Әлі түлектерді әнмен құттықтап, бизнес-кеңесші Жеңіс Есенкелдин жастарға өз ісінің майталманы болуға қысқа-нұсқа насихат айтып өтті.
Марапаттау рәсімі бакалавриат бағдарламасын қызыл дипломмен тәмамдаған 44 түлекке «Үздік студент» мадақтамасын табыстаумен басталды. 4 жыл бойы тек білім алуда ғана емес, белсенділігімін танылған 24 түлекке арнайы «Алғыс хат» беріліп, Екінші жоғарғы білім алған 25 түлек, «Исламтану», «Дінтану» мамандықтарымен қоса «Психология» minor (майнор) бойынша бағдарламаны толық тәмамдаған 27 студентке арнайы сертификат табысталды. Диплом тапсыру салтанаты қуанышты көңілдердің өзара құттықтаулары мен ата-аналардың алғысы, естелік суретке түсумен жалғасты.
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі