Бүгін жаңа оқу жылына талапкерлерге арналған шығармашылық емтихандар басталды. Осыған орай, емтихан алдында Нұр-Мүбарак университетінің қабылдау комиссиясына проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев өзара мәжіліс өткізіп, қабылдау талаптары мен шарттары жайлы пысықтады. Шығармашылық емтихандарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб-мүфти Кенжеәлі Мырзабаев бастаған мамандар мен университеттің оқытушы-профессорлық құрам өкілдері қабылдайды. Жауапты сәт алдында ҚМДБ Төрағасы, бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізген наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы: «Білімге талпынған бүгінгі талапкер – ертеңгі студент, болашақ маман. Сондықтан қабылдау емтихандарының сәтті де әділетті өтуіне мүдделіміз»,-деп қабылдау комиссиясының жауапкершілігін нақтылап өтті.
«Мақсатымыз, еліміздің руханиятына қызмет ететін білімді де білікті маман болуға лайықты жан-жақты, көзі ашық талапкерлерді бағалай білу»,-деген проректор, PhD доктор Қ.Құрманбаев қабылдау емтихандарының сәтті өтуіне тілек білдірді. Осылайша 20 мүшеден тұратын қабылдау комиссиясы іске кірісті.
Шығармашылық емтихандар «В033-Дін және теология білім беру бағдарламалар тобының: 5В021500 – исламтану, 5В020600 – дінтану, 5B021100 – теология мамандықтарына қабылдау бойынша өтеді. Бұл бағытта ҚР Жоғары білім және ғылым министрлігі тарапынан 300 мемлекеттік грант бөлінген (270 орын – 4 жылдық, 30 орын – 3 жылдық қысқартылған білім бағдарламасы).
Ал шығармашылық емтихандары аяқталған соң шілденің 13-20 аралығында мемлекеттік білім гранттар конкурсына құжат қабылдау өтеді.
Нұр-Мүбарак университетінде діни мамандықтардан өзге «В036 – Аударма ісі білім беру бағдарламалар тобы бойынша • 6В02301 – Шетел филологиясы; • 6В02306 – Аударма ісі білім беру бағдарламаларына құжат қабылдау жалғасуда!
Талапкерлерге сәттілік тілейміз!