Қазіргі әлемдік экономика мен қаржы саласында қарқынды дамып келе жатқан ислам банкингі мен қаржы мәселелері аясында өзекті сауалдар аз емес. Әсіресе, негізгі халқы мұсылмандар саналатын Қазақстан үшін банк саласы мен сауда-саттық, кәсіпкерлікті дамытуда шариғат шарттарына мән берушілер артуда. Сондықтан Нұр-Мүбарак университетінің басшылығы Ислам қаржысы мен экономикасы бойынша əлемдік деңгейдегі ғалым, америкалық профессор Мунзир Қахф мырзаны арнайы шақырып, отандық салалық маңызды спикерлердің қатысуымен халықаралық форум ұйымдастырды.
«БИЗНЕС ЖӘНЕ ИСЛАМ: ҚАРЖЫ МЕН ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты халықаралық бизнес форумда: Ислам банктерінің бизнесті қаржыландыру тәжірибелері; Исламдық қаржы саласының Қазақстанда дамымау себептері; Мудараба келісімшартын қолдануда жиі кездесетін қателіктер; Криптовалютаға инвестиция салудың қаржылық рисктері мен шариғи үкімдері; Қазіргі кезеңде несиесіз бизнес ашып, дамыту мүмкін бе деген сауалдар қаралды.
Форумның мақсаты жайлы басты ұйымдастырушы Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаев отандық кәсіпкерлердің исламдық қаржы жүйесіндегі білімін арттыру, қаржы және инвестицияға қатысты өзекті мәселелердің діни-этикалық аспектілерін талқылау екендігін атап өтті.
Тақырыптар бойынша Ислам қаржысы мен экономикасы бойынша әлемдік деңгейдегі ғалым, профессор Мунзир Қахф, Шариғат және заң саласының ғалымы, НМУ ректоры, профессор Мұхаммад əш-Шаххат әл-Жинди, АХҚО əкімшілігіндегі исламдық қаржы басшысы Мадина Тукулова, Al Hilal ИБ, Шариғи қадағалау жəне координация басшысы Махмадрузи Шоев, ИБ саласында тәжірибелі эксперт, DBA дәрежелі банкир Әділет Алиев, Parqour IT-компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры, венчурлық инвестор Әмірхан Омаров аталған мәселелермен қоса, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Youtube-тағы @nmuedukz арнасында тікелей эфирде көрсетілген форум НМУ аға оқытушысы, докторант Нұржан Стамбакиевтің модераторлығымен ағылшын тілінде өтіп, қатысушыларға қазақ, орыс тілдерінде ілеспе аудармасы ұсынылды.