Бүгін “Нұр-Мүбарак” университетінде тарихқа терең шолу жасап, кешегі ұлылар мен бүгінгі ғалымдардың ұлтқа қосқан үлесі төңірегінде терең тербеген халықаралық басқосу өтті. Қасиетті Құранмен ашылған «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ДІНИ ТҰЛҒАЛАРЫ ЖӘНЕ РУХАНИ БІРЕГЕЙЛІК МӘСЕЛЕСІ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция көрнекті ғалым, филол.ғ.д., профессор, Нұр-Мүбарак университетінде 17 жыл проректорлық қызмет атқарып, бүгінде Әбу Ханифа ғзо директоры құрметті ұстаз Шамшәдин Керімнің 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған болатын.
Беташар сөз сөйлеген университет ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат мерейтой иесін құттықтаумен қатар онлайн және офлайн өтіп басқосу қатысушыларына жылы лебізін білдірді. Ал ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтаумен қатар ғалымдардың қоғамдағы арқалаған жүгі мен аманаты жайлы баяндамасынан кейін Нұр-Мүбарак университеті ұжымы атынан арнайы дайындалған деректі фильм ұсынылды. Университет тарихы жайлы да қамтылған фильмде академик, ғұлама ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің де (Алла рахымына бөлесін) көзі тірісінде айтқан естеліктері ұсынылған.
Конференцияға ҚР АҚДМ Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Мысыр АР Уақыфтар министрі профессор Мұхаммед Жұма, Қазан ИУ, Ресей ИИ ректоры, Татарстан Республикасы Ғылым академиясының толық мүшесі (академик), профессор Мухаметшин Рафик, IRCICA Ғылыми-зерттеу және жарияланымдар бөлімінің басшысы, профессор Мүмінов Әшірбек, Қожа Ахмет Йасауи ат. ХҚТУ теология факультетінің деканы, профессор Кенжатай Досай, Мысырдан профессор Ато ас-Сынбати, т.б. әріптес ғалымдар онлайн қосылып, баяндама оқып әрі лебіздерін жаудырды.
НМУ проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаевтың модераторлығымен өткен конференция «Ұлы дала елінен шыққан діни қайраткерлердің мұрасы және Ислам өркениеті», «Сығанақи мұраларын зерттеудің өткені мен бүгіні», «Дін және салт-дәстүр сабақтастығы, діни түсіністік пен рухани бірегейлік мәселесі», «Қазақстандағы фольклортану араб филологиясы және исламтану, дінтану мәселелері», «Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы ғылым-білім және тарихи, діни, мәдени байланыстар» секілді секциялармен жалғасты.