“Нұр-Мүбарак” университеті 20-шы түлектер легін салтанатты түрде ұядан ұшырды. Тек исламтанушылар ғана емес, дінтанушы, теолог, шет тілдері мен аударма ісі мамандарына қоғамға жолдама берді.
Қазақстан мен Мысыр елінің алтын көпіріне айналған университеттегі салтанатты шара екі елдің мемлекеттік әнұранын әуелетумен басталды. Ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат: «Университетіміздің академиялық саясатының негізгі мақсаттарының бірі – пайдалы білім беру ғана емес, оны қоғамға сіңіретін білікті маман, пайдалы адам, жан-жақты тұлға қалыптастыру. Сондықтан біз шәкірттерден мемлекеттік қазақ тілін, халықаралық деңгейдегі ағылшын тілі мен ақыреттік ілім кілті араб тілін меңгеруді насихаттаймыз»,-деп түлектерге білім алуды тоқтатпауды өсиет етіп, болашақтарына сәттілік тіледі. Қоғамға енді ғана қадам басқан шәкірттер мен ата-ана, туыстарына арнайы құттықтау сөз сөйлеген оқытушы Ерлан Ақатаев ұстаз тек білім иесі ғана емес, оны бойына сіңірген көркем мінез иесі болуды баса ескертті.
Биыл НМУ-дан бакалавриат, магистратура білім беру бағдарламалары бойынша исламтану, дінтану, теология, шетел филологиясы, аударма ісі мамандықтарымен 353 түлек қанат қағуда. Салтанатты рәсімде оларға ректор кеңесшісі Әкімбеков Рахымжан, Академиялық мәселелер департементінің директоры Махмет Мұратхан, Тәрбие істері және әлеуметтік даму департаментінің директоры Шайзан Бауыржан, Ислам ілімдері факультетінің деканы PhD Юсуф Һиндауи, декан орынбасары PhD Ержан Қалмахан, кафедра меңгерушілері (PhD): Анарбаев Нұрлан, Хуйсейін Тауфиқ, Рыскиева Айымжан, Рысбаева Гүлдархан, ғалым ұстаздар атынан Мухаммад Уардани, доктор Уалид Ибрахим, Студенттік бөлім меңгерушісі Тлебалдина Сәуле құттықтап, дипломдарын салтанатты түрде табыс етті.
Жүректері алып ұшқан түлектерге дипломмен қатар, толассыз құттықтаулар, гүл шоқтары, ата-аналардың ақ баталары жауып, естелік суреттерге түсті. Жүздері бал-бұл жанған түлектер де 4 жыл білім алған алтын ұя білім ордасын қимастықтарын аңғартып, ризалықтарын білдіруде.