Болашақ исламтанушы, “Нұр-Мүбарак” университетінің 1-курс студенті Абылай Шәкірбаев Қызылорда қаласында өткен екі бірдей бәйгеде оза шапты.
Нақтыласақ, ММА-дан ересектер мен жастар арасында 84 кг салмақ дәрежесінде және дәл осы салмақта панкратионнан 2003-2004 ж.т. кадеттер арасында өткен қалалық ашық біріншілікте Абылай жеңімпаз тұғырына көтерілді.
Қос бірдей алтын алқа асынған жеңімпазға Қызылорда қаласының Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А. Орманов мадақтама беріп, құттықтады.
– Спортпен айналысу – бала кезден қалыптасқан өмір салтым. Алайда, ата дінімізді үйреніп қана қоймай, білім алғым келгендіктен еліміздегі бірегей “Нұр-Мүбарак” университетін таңдап, биыл бірінші курста оқып жатырмын. Болашақта дін мен спортты әрдайым ұштастырғым келеді, – дейді жеңімпаз Абылай.
Университет басшылығы спорт саласында жұлдызы жоғарылап келе жатқан жас жеңімпазға сәттілік тілеп, болашағына зор сенім білдіруде!
“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі