Саз төгеді сан түрлі махаббатты ерте,
Есіміңді атап өткенде.
Сақтаулы тұр жеті әріп, жеті әуен болып,
Жүрек дейтін, нота дәптерде.
Шалқып көңіл шаттық үйілсін,
Әсем әуен тәтті күйімсің.
Көңіліме түрлі ой салған,
До-Ре-Ми-Фа-Соль-Ля-Си-імсің!
Төреғали Төрәлінің орындауындағы тойды бермейтін осынау ән кім-кімге де таныс. Талайымыз оған шаңын шығарып тұрып биледік те. Қайырмасының соңы да тілге сондай орамды, жеңіл, ә?!
Иә, оның соңындағы қайталанып келетін де отыратын жолдар қолданыстағы ноталар тізбесі. Тіпті музыкалық білімі жоқ адамдардың өзі жеті музыкалық нотаны, яғни До-Ре-Ми-Фа-Соль-Ля-Си-ді мүдірмей айтып бере алады. Мұның өте қарапайым және дыбыс үйлесімділігінің кереметтігі соншалық, көңілді әнге өзі-ақ сұранып тұрғандай. Әуенге қоспау, керек десең, күнә. Ең қызығы, бұл ән, дәлірек айтқанда, діни гимн іспетті… бірақ барлығын ретімен баяндайық.
Сіз өміріңізде бір рет болса да осы ноталарды кім ойлап тапты екен деп ойланып көрдіңіз бе, жәнеден неге басқа емес, нақ осы – До-Ре-Ми-Фа-Соль-Ля-Си. Олар музыкалық таңба болудан басқа тағы нені білдіреді? Астарында қандай да бір жасырын мән бар ма?
Айтайық, айтайық: Бір қызығы, бұл бағыттағы музыканың дамуына Еуропадағы шіркеу хоры түрткі болыпты. XI ғасырға дейін әуенді шығармаларды жазу үшін пергаментте невмалар, яғни, шіркеу діни жырларын айту кезінде қандай екпін жасау керек екенін белгілейтін сызықша және нүктелер түріндегі белгілер қолданылған екен. Әрине, мұндай бейберекет жүйенің көптеген кемшіліктері болған. Невмалар арнайы кітап-каталогтарға енгізіліп, онда барлық ырғақты есте сақтау үшін қабатына түсініктемелері де беріліп отырған.
Бірақ бұл жағдай шексіз жалғаспақ емес еді. Қазіргі заманғы музыкалық нотацияның негізі қаланатын да күн туады. Оны оныншы ғасыр мен он бірінші ғасырлардың қиылысында өмір сүрген аты әлемге мәлім флоренциялық тақуа-монах Гвидо Ареццо ойлап тапқан. Яғни ол ноталарды алғаш рет төрт сызықта боялған квадраттар түрінде жаза бастады. Соның құрметі болса керек, бүгінде Италияда оның ескерткіші өзгелерден тым салтанатты болып қасқайып-ақ тұр.
Қош, Гвидо өз заманында әртүрлі храмдарда шіркеу хоры әуені және музыка мұғалімі болып нәпақасын айырған көрінеді. Сондай-ақ, жұмыс барысымен Аппенин түбегінің барлық жағында болып, саяхаттап жүрген. Замандастарының естеліктеріне қарағанда оны сол шақтағы Рим папасы XIX Иоанн қабылдап, бірнеше рет жолыққан. Жай ғана кездеспей, жалпыға ортақ музыкалық грамота жасау жолында еңбектенген деседі.
Бірде ол өзі де байқамастан бейтаныс әуендерді жаттаудың жеңіл жолдарын іздеп отырып Иоанн Шоқындырушыға (Креститель) арналған дұғаның негізінде сольмизация жүйесін дүниеге келтіреді.
UT queant laxis
REsonare fibris
MIra gestorum
FAmuli tuorum
SOLve pollute
LAbii reatum
Sancte Ioannes
(Латыншадан аударғанда: «О, Әулие Иоанн, бізге дауысымыздың бүкіл күшімен сенің іс-әрекеттеріңнің ғажайыптарын куәландыра алатындай таза ауыз бере гөр» (еркін аударма)
Орысшасы: «Чтобы слуги твои голосами своими смогли воспеть чудные деяния твои, очисти грех с наших опороченных уст, о, Святой Иоанне»)
Біріншісінен басқа ноталардың барлығының атауы дауысты дыбысқа бітеді. Тиісінше, оларды әуенге салу оңай болған. Бірақ бұл да қаншама ғасыр әжетке жарады.
Ut – слогы жабық және оны шырқау қиынның қиыны, керек десең, мүмкін емес. Сондықтан да осы бір октаваның бірінші нотасын ғалымдар ХVI ғасырда Do-ға ауыстырды. Қалай десе де, соншама уақыт аралығындағы Гвидоның өнертабысына қатысты түзету осы ғана деуге болады. Бір ғажабы, мұндағы «Do» латынның «Dominus» – «Құдай» дегенін білдіретін болып шықты.
Сонымен, содан бергі ноталар интерпретациясы мынадай:
Do – Dominus – Құдай;
Re – rerum – материя;
Mi – miraculum – керемет;
Fa – familias рlanetarium – ғаламшарлар тобы, яғни күн жүйесі;
Sol – solis – күн;
La – lactea via – құс жолы;
Si – siderae – аспан.
Мінекей, Гвидоның беделінің арқасында латындық әріптік нотация алдымен Батыс Еуропада қабылданып, кейіннен бүкіл әлемдік стандартқа айналады. Қазіргі таңдағы қолданыстағылар да осы үлгілер.
Бұдан бөлек, Гвидо нотаның хаттық-жазба грамотасының дамуына зор еңбек сіңіріпті. Хор үстінде ол ноталарды алу үшін сол қолын пайдаланып, саусақтарын бүгіп, орындаушыларға белгі беріп отырған. Осылайша, дыбыстарды нотамен белгілеу үрдісі басталды. Латыншадан аударғанда «nota» – «белгі» деген сөзді білдіреді. Солай!
Штрихталған квадратты ноталар төрт параллель линиялардағы ноталық жолға орналастырылды. Қазіргі таңда бұл линиялардың саны беске жетті және дөңгелек түрінде бейнеленеді. Бұған қатысты музыка мамандары Гвидоның енгізген принцптері әлі де жасап келеді дейді. Атап айтқанда, бүгінгі нотация соңғы 10 ғасырдан бері қатты өзгере қоймаған.
Осылайша, біз онша біле бермейтін Тосканадан шыққан «құдай» деген тақуа музыка әлеміне төңкеріс алып келіпті. Көріп тұрғанымыздай, көңілге түрлі ой салған До-Ре-Ми-Фа-Соль-Ля-Си-дің сыры осы екен.
P.S. «Нота» дегенде Әл-Фараби бабамыздың ойға бірден оралатыны бар. Ғалымның музыка саласында да іргелі еңбектер жазып қалдырғаны баршаға мәлім. Тарих беттерін парақтап отырсақ, «Музыканың ұлы кітабы» деп аталатын еңбегі жарық көрген соң-ақ, оны дүние жүзінің барша ғұламалары Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деп таныған көрінеді. Отандық ғалымдардың деректерінше, 1200 беттен тұратын аталмыш кітаптың екі томын француздың белгілі шығыстанушысы Р.Эрланже 1930-1935 жылдары өз тіліне аударған. Ғұлама бұл еңбекте математикалық әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, нотаны алғаш дүниеге әкелген екен. Қазір музыкада жеті нота болса, Әл-Фарабидің еңбегінде нота саны – 12 болыпты. Сол бес нотаны әлі күнге дейін ешкім таппапты. Гвидоны айтқанда да, оның да Әл-Фарабидей ғалымның негіздеген жүйелеріне сүйенгенін атап өтпей болмайды-ау.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан Қалназаров