– Мұхаммед әш-Шаххат мырза, Қазақстанға келгеніңізге де бір жылдан асты. Сұхбатты Нұр-Мүбарак университетінде маман даярлауға қатысты басты ұстанымыңыздан бастасақ?
– Ия, кез келген мемлекеттің дамуы ұстаздармен тікелей байланысты. Себебі білім шаңырақтарында шәкірттерді қалай тәрбиелесе, елдің дамуы да сол мамандардың білігі мен біліміне ғана емес, тұлғалық қабілеттерімен тікелей байланысты. Сондықтан мен университеттегі оқытушыларға шәкірттерді ойлауға, ойлануға үйрету керектігін жиі айтамын.
Дәрістерді барынша жеңіл түсіндіріп, студенттердің өз ойларын ашық айтып, дұрыс жеткізуге үйрету керектігін, баға үшін тапсырмаларды жаттап алуы емес, түсінуі маңызды екенін еске салып отырамын.
Нұр-Мүбарак университет студенттерінің ерекшелігі олар қазақ, араб тілін ғана емес, ағылшын, орыс тілдерін меңгеру қажеттігін назарда ұстаймыз. Жоспарлы оқу бағдарламасынан тыс қосымша дәрістер, конференциялар, жарыстар, тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, студенттердің әрбір сәтін тиімді әрі пайдалы өтуі жіті назарда.
– Ислам ғылымының бел ортасында жүрген ғалым ретінде сізден бүгінгі мұсылмандарға қатысты ой-пікіріңізді айтсаңыз. Себебі ислам кемшіліксіз болғанымен, кей мұсылмандардың іс-әрекеті сын көтермей жататыны ащы да болса – шындық. Бұған не айтар едіңіз?
– Рас, 19 ғасырда бір ғалым «Мен Еуропадан мұсылмандарды көрмедім, бірақ исламды көрдім» деп айтқан сөзі әлі өзекті күйінде қалып келеді. Себебі ислам елдерінде келеңсіз көріністер мен кейбір қате іс-әрекеттер, жағымсыз құбылыстардың кездесуі ислам жайлы теріс әрі қате түсінік қалдыруда.
Көптеген мұсылман елдеріндегі ең арғысы қарапайым ғана тазалықтың сақталмауы, көшелердің, көпшілік шоғырланған қоғамдық орындардың ластығы, жалған сөйлеу, пайда үшін алдап-арбау, аманатты өз дәрежесінде сақтамау, жұмысты тиянақты орындамау, көпшілік мүлкіне қол сұғу, қоғам мүддесін шет қалдырып, жеке мүддені бірінші орынға шығару, т.б. шариғатта тыйым салынған істер жиі кездесіп, қалыпты жағдайға айналған.
Қарапайым қағидалардың сақталмай, оның салдарынан пайда болған жағдайлардың көбейе түсуі көңіл қынжылтады.
Ең қиыны, теріс әрекет жасаушылар өз істерінің қателік екенін елемей жалғастыра беруі, өзгертуге, тыйылуға құлқы болмауы, тіпті оны «қате» деп санамау жиі кездеседі.
Қасиетті Құранда «Алла Тағала бүлікшілдерді жақсы көрмейді» деп ескерткен («Бақара», 205).
Мұсылман қоғамы түзелу үшін осындай күнделікті кездесетін қарапайым қағидалардан бастап, қоғамдық әдетке айналған келеңсіздіктерден арылу қажет. Тіпті мұсылман бойына жат қате-кемшіліктерді байқаған екінші мұсылман өзінің пікірін айтып, разы еместігін білдіруге құқылы әрі тиісті екенін білуі керек.
– Бүгінде мұсылмандар арасында «Бұл өмір өткінші, бізге ақырет өмірі, жұмақ жеткілікті» деген де пікірлер кездесіп, даму, өркендеу, ғылымға ұмтылуға, тіпті ислам дінінен өзге ілім үйренуге құлықсыздық кездесіп жатады?
– Расымен, өмір тіршілігіне, күнделікті түрлі оқиғаларға, тіпті тазалыққа да ден қоймай, бұл өткінші дүние мұсылман еместерге деп санайды. Мұндай іс-әрекеттердің себебін тақуалыққа ұмтылыс деу қисынсыз. Бұл ислам тәртіптерін орындауға немқұрайлылық, дін үкімдерін білмеу болып табылады.
Ал әрбір мұсылман өмірдің барлық салаларында келеңсіздік, тәртіпсіздікті тыйып, жөндеуге бұйыратын исламды дұрыс үйренуге міндеттеледі. Хадисте айтылған «мұсылман – мұсылманның айнасы» деген қағидаға сай мұсылмандар бауырына ескертіп қана қоймай, жақсылыққа, оң өзгерістерге ат салысуы абзал.
Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Араларыңнан кімде-кім бір жамандық көрсе, оны қолымен түзетсін. Қолымен түзетуге шамасы жетпесе, тілімен түзетсін. Тілімен түзетуге шамасы жетпесе, жүрегімен жек көрсін. Бұл (яғни тым болмаса жүрегімен жек көру) – иманның ең әлсіз халі» деген. Қолмен түзету – қолында билігі барлар үшін, сөз арқылы түзету – ғалымдар үшін, ал жүрегімен жек көру – қарапайым халық үшін сәйкес келіп жатады.
– Соңғы уақытта әлеуметтік желілер арқылы азаматтар арасында дін бағытында айтыс-тартыс көбейіп, алтын уақыттарын құлшылыққа, білім алуға емес, пайдасыз жаққа жұмсап жатқаны рас. Ғалым ретінде қандай насихат айтар едіңіз?
– Ислам діні бойынша сынап-мінеудің де өз тәртібі бар. Рұқсат етілген сынау қандайда бір мәселенің бетін жауып қана қоймай, оның себептерін анықтап, шешу жолдарын іздеу арқылы болады. Ең аз дегенде қателікке тап болғандарға насихат айтылады. Хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Дін – насихат» дегенде сахабалары: «Уа, Алланың елшісі, дін кімге қатысты насихат?» деп сұрады. Сонда ол (с.ғ.с.): «Аллаға, Оның кітабына, елшісіне, мұсылмандардың басшыларына және барша мұсылмандарға қатысты» деп жауап қайырды.
Имам ан-Науауи: «Дін осы хадистің шеңберінде жүреді» деп насихат жасауды исламның негізі деп санаған. Хадис әр мұсылман шамасы жеткенше бауырына көңіл бөліп, оған жігер беретін, қарапайым пайдалы сөзбен болсын, демеу көрсетуге, ынтымақтасуға насихаттайды. Кемшілік көрсе, кемсітіп сөгуді емес, білетінін айтып жөнге салып, жағымсыз істерін жоюды талап етеді.
Қасиетті Құранда: «Шын мәнінде мүміндер туыс. Сондықтан екі бауырларыңның арасын жарастырыңдар және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер» – деген («Хужурат», 10). Алайда көпшілігі бұл аяттың мағынасына мән бермей, тіпті біреулер сын айтуда артық кетіп, көпшілікке таратып, негізгі мақсаты жөндеу емес, күйе жағуға, жаман ойлауға айналады.
Ал Алла Тағала Құранда: «Әй мүміндер. Күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені күмәннің кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көреді ме? Әрине оны жек көресіңдер»,-деген («Хужурат», 12).
Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім бір мұсылман бауырының кемшілігін іздесе, Алла да ол адамның кемшілігін іздейді. Ал егер Алла біреудің кемшілігін іздесе, үйінің ішінде отырса да оның масқарасын шығарады» деген.
Мұсылман қоғамы осындай теріс әдеттерден арылмайынша жағдай жақсармайды. Біз тек жұмылған жұдырықтай бір-бірімізді қолдау арқылы жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру арқылы жетістікке жетеріміз анық.
– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Айша Кеңесбай