Нифас дегеніміз әйелде босанғаннан кейін жатырдан келетін қан. Ханафи мәзһабы бойынша оның ұзақтық мерзімі 40 тәулікке созылады. Үмму Салама (р.а.): «Алланың елшісінің (с.а.с.) заманында жас босанған әйелдер нифастың тоқтауын 40 күн күтетін», – дейді (Тирмизи, Сүнен). Сахаба Анас (р.а.): «Алланың елшісі (с.а.с.) жас босанған әйелдерге (тазару үшін) 40 күн күтулерін бұйырған еді. Алайда кім одан бұрын тазарып қойса, нифастан тазарған болады», – деп айтқан (Ибн Мажә, Сүнен).
Нифастың ең аз мерзімі үшін уақыт белгіленбеген. Нифас қанының тоқтауы арқылы нифас жағдайы біткен болып саналады. Өте сирек жағдай болғанымен кейде мүлдем нифас қаны келмеуі де мүмкін. Мұндай жағдайда ханафи мәзһабы бойынша әйел ғұсылын алып, намаз оқуын бастайды.
Алғашқы баласын босанғанда келген нифас қанының күнімен әйелде нифас мерзімі белгіленеді. Екінші рет босанғанда келген нифасының уақыты алдыңғысын асып жатса, бірақ 40 күннен аспаса, онда әйелдің нифас мерзімі өзгерген болып саналады. Яғни бірінші баладан кейін әйелде нифас 30 күн болып, екіншісінде 35 күн болса, онда екінші нифасының мерзімі 35 күнге өзгерді деп есептеледі. Ал екінші нифасында 40 күннен асып кетсе, онда алғашқы нифасы есепке алынып, екінші босанған кездегі нифасы алғашқысымен салыстырылып, 30 күн деп есептеліп, қалғаны истихада қаны деп саналады. Қалған он күннің намазының қазасын өтеуі қажет.
Ал керісінше болған жағдайда, яғни алдыңғы нифасы 30 күн болып, екінші баладан кейінгі нифас 20 күн болса, онда нифасы сол 20 күнмен аяқталған болып саналады. Бірақ сақтық тұрғысынан отызыншы күнге дейін күйеуімен жыныстық қатынасқа түсуіне болмайды.