Сұрақ: Кейбір кісілерді құлшылыққа шақырғанда «Ниетім түзу, жүрегім таза» дейді. Ниеттің түзулігі кісіге жеткілікті ме?
Жауап:
Хакім Абай: «Әрбір ақылды адамға иман – парыз, әрбір иманды адамға ғибадат – парыз» – дейді.
Бұл – біз ұстанатын Ханафи мазхабының сеніміне сай сөз. Яғни, адамның Алла алдында міндетін, құлшылығын атқаруы егер иман еткен болса міндет болады. Олай болмаған жағдайда Мүржия ағымының сеніміне ауытқу болады. Олардың сенімі бойынша:
«Аллаға иман еткен адам жұмаққа барады. Құлшылық жасау шарт емес!»
Бұл шектен тыс үміттенушілік болады. Ал әһли-сүннә сенімі бойынша мұсылман адам үміт пен күдіктің арасында (орта қалыпта) болуы тиіс.
Әбу Ханифа өзінің «Фиқһул-Акбар» атты еңбегінде:
«Біз Мүржиялар сияқты жақсы істерімізді Алла қабылдайды, жаман істерімізді кешіреді деп айтпаймыз» – дейді.
Яғни, Алла кешіруі де мүмкін, жазалауы да мүмкін. Тек Ханафи сенімі бойынша құлшылық жасамаған адамды кәпір дей алмаймыз (Харижизмде кәпір санайды). Ол – күнәһар болады, бәлкім пасық болады. Ал оның жасамаған құлшылығының жауапкершлігін Алла кешіруі де мүмкін, кешірмеуі де мүмкін.
Сондықтан, Алланың пендесіне жүктеген парыздарын орындап, тыйғандарынан тыйылу – бар мұсылманның міндеті. Бұл міндетті мойындап, бірақ орындамаған адам күнәһар болса, жоққа шығарған адам діннен шығып кетеді. Сондықтан, Алланың берген сансыз нығыметіне шүкірлік ретінде құлшылық жасау мұсылманмын деген адамға жарасады. Оның үстіне Алла біздің құлшылығымызға мұқтаж емес, біз, пенделер құлшылыққа мұқажбыз. Сондықтан Алланың менің құлшылығыма қандай мұқтаждығы бар деп те күпірлікке салынбауымыз абзал.
Кеңшілік ТЫШХАН,
дінтанушы
Құлшылық қажет. Алла бізді өзіне құлшылық үшін жаратты. Алла бәрімізге разы болсын.