Абдулла жылда қажылық амалын орындау үшін қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларына баратын әдеті бар еді. Сондай күндердің бірінде Абдулла жергілікті халыққа жақсылық жасау үшін ағаштан бір сандық жасап, оған қажылық жасаймын деген мұсылмандар ақша жинап, қажылық маусымы келгенде сандықты арқалап барлығы бірге сапарға шығатын ой тастайды. Абдулланың мұндай бастамасын жергілікті халық қуана қолдап дереу қажылыққа бару үшін барлығы жиған-тергендерін Абдуллаға әкеліп беріп жатты. Абдулла өз кезегінде барлық қаражатты сандықта сақтап, мұсылмандарға жетекшілік етіп, келесі жылы оларды сандықпен бірге қажылыққа алып бару міндетін мойнына алады.
Содан қажылық маусымы келіп, хорасандықтан қажылық сапарға шығып, ат терлетіп қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларына да жетеді. Оларға жетекші әрі сандыққа иелік еткен Абдулла жерлестеріне барлық мұқтаждықтарын, қажеттерін артығымен орындап отырады. Бұған қоса, Абдулла елдеріне оралмас бұрын Мекке мен Мәдинадан мұсылмандарға естелік ретінде жеке-жеке сыйлықтар алып береді.
Уақыт өтіп қажылық маусымы да аяқталады. Абдулла өзімен келген мұсылмандарды жинап еліне оралады. Еліне келген бойда Абдулла барлығын шақырып отырыс жасайды. Отырыста ол әлгі сандықты ашып, олардың қажылыққа жиған барлық қаражаттарын түгелдей ортаға шығарады. Бұған таң қалған хорасандықтар:
– Біз бұл қаражатты қажылық жасау үшін жинадық емес пе? Сен бізді қажылыққа қандай қаражатқа апарып келдің сонда? – деп таңырқай сұрайды. Сонда Абдулла:
– Сіздердің биылғы қажылық жасаған барлық шығындарыңызды мен өтедім. Мына сандықтағы жиналған ақшалар сол бойы сақтаулы. Қажеттеріңізге жаратыңыздар, – деп барлығына ақшаларын қайтарып береді. Абдулланың мұндай әрекетіне тамсанған мұсылмандар оған деген құрметтері одан әрі арта түседі.
Арада бірнеше жылдар өтіп Абдулла өзінің көмекшілерін алып, жиған-тергендерін қоржынға салып, қажылық жасауға ертерек аттанады. Содан Хорасаннан бірнеше шақырым жүргенде жолда өлексе құстың етін теріп жатқан ұсқынсыз киім киген кейуананы көреді. Абдулла дереу тоқтап әлгі кейуанаға жақындап:
– Алла Тағала өлексенің етін жеуден тыйған емес пе еді? Бұныңыз не? – дейді таңдана. Кейуана:
– Менің бұл әрекетімді Жаратушының өзіне қалдыр. Алла маған өлексені жеуді адал еткен болар. Менің күйеуім өмірден өткен. Үйде аш отырған төрт қызым бар. Оларды қалай да бағып-қағу керек. Жергілікті тұрғындар менің жағдайымды біле тұра маған ешкім қол ұшын созған емес. Сен солардан бола тұра маған ақыл айтқың келеді ме? Мен осындай жағдайдан кейін өлексенің етін жеуге зәрумін. Басқа шарам жоқ, – дейді күрсіне.
Кенет, Абдулланың көзіне жас келіп, айтарға сөзі қалмайды. Кейін өзіне келіп, көмекшісіне қарап:
– Қоржындағы ақшадан елге қайтуға 20 динар алып қал да қалғанын мына кейуанаға бер. Бұл біз үшін биылғы қажылықтың орнына жасаған ең абзал жақсылығымыз болады, – деп бар ақшаны кейуананың қолына ұстатады. Сөйтіп, көмекшілерімен бірге Абдулла жарты жолдан Хорасанға кері қайтады.
Хорасанға келгенде ондағы жергілікті мұсылмандар қажылық маусымына жиналып енді жолға шығып жатады. Мән-жайды ешкімге айтпастан Абдулла үйінен шықпай, терең ойға шомылып, оқшауланып біраз күн жеке қалады.
Бірнеше күндерден кейін қажылық маусымы аяқталып хорасандықтар еліне оралады. Олар елге келген бойда Абдулланың үйіне жиналып оны құшақтап, «Биылғы қажылық қабыл болсын!» деген дұғаларды айтып, Абдуллаға биылғы қажылықта жасаған жақсылықтарына тағы ризашылығын білдіріп жатты. Мұндайды күтпеген Абдулла таңырқап, қажылыққа биыл бармағанын ешкімге айтпастан, таңданған күйде үйіне кіреді. Сол түні Абдулла терең ұйқыға кетеді. Түсінде жүзінде нұры жанған кісі Абдуллаға келіп: «Алланың сізге сәлемі болсын! Мен Алланың ешлісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбармын. Мен сен үшін қиямет күнінде шапағатшы боламын. Ей, Абдулла, сен әлгі кедей кейуанаға құрмет көрсеткеніңдей Алла Тағала да саған сондай құрмет көрсетті. Биылғы қажылық парызыңды орындаудан бас тартып бар ақшаңды мұқтаж жанға бергенің үшін Алла Тағала жер бетіне сенің кейіпіңде бір періште жіберді. Сол періште сен үшін биыл қажылық парызын өтеп, қажылықта Хорасан халқына жетекшілік етіп, оларға барынша қызмет жасады. Алла Тағала биыл барлық қажыларға бір қажылық сауабын жазса сен үшін 70 қажылық сауабы жазылды» деген екен. Абдулла ибн Мубарак ұйқысынан оянып, мән-жайды түсінгеннен кейін Раббысына ризашылығын білдіріп ұзақ құлшылық жасаған екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы