Күндердің күнінде Хасан Басри терең ұйқыға кетіп түс көреді. Түсінде киімсіз жалаңаш қоқыстың арасында қолындағы аса таяғын ары-бері сілкіп тұрады. Таң ертең шошып оянған Хасан көмекшісін шақыртып Ибн Сирринге барып көрген түсін баяндауды өтінеді.
Ибн Сиррин түс жорушы көреген тұлға болатын. Әлгі көмекші Ибн Сирринге келіп түстің мән жайын баяндайды. Алайда, ол түстің иесі Хасан екенін бірден аңғарып қояды да оған өзі келсін деп сәлемін жолдайды.
Мұндай хабарды естіген Хасан Басри дереу Ибн Сирринге қарай бет алады. Ибн Сиррин Хасанға қонақжайлылық танытып, дастарханын жаяды. Алайда, Хасан әңгімені созбастан түстің мән жайын білгісі келіп:
– Ей, Ибн Сиррин! Менің көңілім кешегі көрген түстен кейін орнына түсер емес. Оның сыры неде?, деп сұрайды. Сонда Ибн Сирриан:
– Алаңдама, бұл түс сен үшін қайырлы болмақ. Жалаңаш болғаның ол дүниеге, мал-мүлікке қызықпағандығыңның белгісі. Қоқыс болса ол сенің айналаңдағы дүниең. Бұл сені дүниеқұмарлықтан қаншалықты алыс екеніңді көрсетіп тұр. Ал, қолыңдағы сілкіп тұрған аса таяғың – адамдарға айтар игі насихаттарың мен ақыл кеңестерің. Хасан Басри басын шайқап,
– Бұл түсті көрген мен екенімді қайдан білдің, деп таңырқайды. Сол сәтте Ибн Сирриан сақалын сипап:
– Мұндай ғажап түсті естігенімде бұл қаладан сенен басқа адам көреді деп ойламадым. Себебі, мұндай түске сен ғана лайықсың, деп жауап берген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ – Дінтанушы