– Аға, біртуар ақынның 120 жылдық мерейтойына орай республика деңгейінде қандай шаралар ұйымдастырылды?
– Сәкен Сейфуллиннің туғанына биыл 120 жыл.Бірақ, бұл ресми дата емес. Сондықтан да бұл мемлекеттік деңгейде жаппай тойланады деп айта алмаймын. Біз Сәкен Сейфуллин атындағы киелі мекенде ақынның бүкіл тарихын баршаға насихаттап отырғандықтан міндетті түрде атап өтуге атсалысып, шаралар, кездесулер, жиындар ұйымдастырдық. Атап-айтсам дәстүрлі «Сәкен оқулары» байқауы өз мәресінде өтіп, оған Астана қаласы бойынша 70-тен астам мектеп қатысып, 100-ге таяу жас ұрпақ төрт номинация бойынша бақ сынасты. Сәкеннің ақындық қырын ашатын «Сыр сандықты ашып қара» номинациясы бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар сараланды. Сәкеннің қаламгерлік қуатын әйгілейтін «Қазақты қазақ дейік» прозалық шығармаларынан үзінді оқу номинациясы бойынша оза шапқандар көп болды. «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» номинациясы Сәкеннің әндеріне арналды және «Сәкеннің аманаты» номинациясы бойынша сахналық көрініс көрсетілді. Мектеп оқушылары дәстүрлі шараға жылсайын қатысып, машықтанып алғандары байқалды. Шара соңында жүлделі орын иегерлерін марапаттадық.
Сондай-ақ, игі шара жалғасы 15 қазан күні «Астана» ұлттық сурет галереясының концерт залында ұласты. Кеште құрметті қонақтардың бірі, Сәкенге бар ғұмырын арнаған, ақынның том-том зерттеу кітаптарының авторы, қазақтың қазіргі абызы, ғалым Тұрсынбек Кәкішұлын Алматыдан арнайы алдырған едік. Сонымен қатар Сәкен Сейфуллин ұжымы құрастырған «Сәкен Сейфуллин музейі» альбомы мен «Сұңқар Сәкен» кітабының, Амантай Кәкеннің «Сәкен тағылымы» кітабы, сондай-ақ, атақты ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы құрастырған Сәкен Сейфуллин шығармаларының 13 томдығының тұсаукесерін өткіздік. Кеш Сәкеннің әндеріне ұласты. Республикаға танымал дәстүрлі әншілер Ерлан Рысқали, Ержан Базарбеков, Клара Төленбаева, Дәурен Әркенов, Қанапия Жүкенов, Мерует Башай ән шырқады. Концертті ақын, актер, дәстүрлі әнші, Сәкен Сейфуллинді насихаттаушы Қанат Жүнісов жүргізді. Сәкен рухына тағзым ете келген қадірлі қонақтарға қонақасы берілді.
Сәкен қазақ жазушылар одағының негізін қалап, өзі басшылық еткен. Биылғы Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдығы осы жазушылар одағының 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Негізі, Сәкеннің ізбасарлары, зерттеушілері өте көп, соның бірі – Серік Оспанов деген азамат. Ол Сәкеннің музыкалық мұраларын зерттеп, биыл жеке кітап шығарған болатын. Бұл да бір Сәкеннің рухына бағышталған үлкен еңбек деп айтуға болады.
Сондай-ақ, биыл Сәкеннің 120 жылдығына орай белгілі мемлекет қайраткері, Сәкен мұраларының жанашыры Оралбай Әбдікәрімов ағамыз бастаған экспедиция бүкіл Сәкен жүрген жерлермен, әсіресе, Ақмола, Қарағанды жерлерін басқан соқпақтарымен жүріп өттік. Экспедиция құрамында белгілі ғалымдар, жазушылар болды. Алғаш мектеп ашып, жар сүйген жері Ахмет төре ауылына бардық. Долинкаға ат басын тіредік, мұнда Сәкеннің әкесі Сейфолла мен Жаңаарқа ауылындағы Сәкеннің мұражайларына бас сұқтық. Сәкен атындағы кітапханада кездесу ұйымдастырылды. Бір қуаныштысы Қарағандының мәдениет үйінің жігіттері ақынның туған жері Қарашілікті қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алыпты. Жастардың өзгелерге үлгі боларлықтай осындай істеріне сәттілік тіледік. Сәкен атындағы драма театрында Әлжапар Әбішев ағамыздың Сәкен туралы үлкен драмасын тамашалап қайтқан болатынбыз.
Міне, Сәкеннің 120 жылдық мерейтойына осындай шараларды ұйымдастырдық.
– Аға, біртуар ақын Сәкен Сейфуллин туралы сөз қозғап отырғандықтан, оның өткен өмірі мен тарихына үңілмей өтпеске болмас. Айтыңызшы, Сәкентану ғылымында қандай жаңалықтар болып жатыр?
– Көзі қарақтылардың бәрі біледі. Сәкеннің қазақ тарихында алатын орны, оның қайраткерлігі, ақындығы, композиторлығы, ұлтына жан-тәнімен берілген патриот болғандығы ақиқат. Өйткені, мына, өзіміз – алдыңғы аға буындар Сәкенді оқып, оны бойға сіңіріп өстік. Өткен ғасырда Сәкеннің ақталған кезден бері Кеңес заманда қазақ әдебиетінің негізін салушы деп келдік. Өйткені, Сәкен саналы ғұмырында Кеңес үкіметіне адал қызмет етті, оны біз еш уақытта жоққа шығара алмаймыз және ол үшін Сәкенді кінәлай алмаймыз да. Ол – ақынның өз сенім-көзқарасы, алдына қойған бағыты. Бір өкініштісі етегімен қан кешіп жүріп құрған Кеңес үкіметі Сәкенді қанға бояды. Тек Сәкенді емес, бетке шығар қаймағын Сталиндік репрессия тып-типыл етті. Бұл ел басына қонған тарихи зобалаң. Сондықтан, Сәкен туралы сөз қозғағанда Сәкеннің осы бір қасіретті де, қайғылы тағдырына үңілеміз, күрсінеміз, қайғырамыз.
Сәкен негізі бай-ауқатты отбасынан шыққан. Әкесі Сейфолла он саусағынан өнер тамған, зерделі саятшы, қазақтың көпті көрген көне заманның тарихын жете білетін адамдардың бірі болған. Шешесі Жамал да текті жерден шыққан. Сәкеннің туған жері Қарашіліктің Ұлытау маңайы, Арқаның төсі, нағыз ән мен күйдің базарындай аңырап тұрған шежірелі, қазыналы өлкеде дүниеге келген.
Сәкен Кеңес үкіметін өз қолымен құра жүріп, соған сене жүріп, өз халқын бақытқа, теңдікке жеткізем деп ойлаған ойы, өкінішке орай, кері қайғыға әкеп соқты. Сәкеннің елім-жерім деп, ұлтын сүйгендігін, оның жан тебіренісін Кеңес заманында біздер айта алмадық. Енді міне, ашып айтатын кез келді. Қазақ халқының тарихы қандай болатын болса, Сәкеннің басынан кешкен тарихы да сондай. Оның өкініші де, қайғысы да, қуанышы да, жақсы мен жаманы да, барлығы бұл Сәкеннің тағдыры. Сондықтан да, Сәкен Ұлы тұлға, Сәкен өзінің құтты орнында қайтадан екінші өмірін бастады. Сәкен зерттелді, зерттеушілер оның шығармашылығын инемен құдық қазғандай еңбекпен зерделеп, жандандырып, халыққа ұсынды. Сондықтан да, Сәкен біздің тағдырымыз, тарихымыз, танымымыз. Оның қазақ поэзиясына әкелген өрнектері еш уақытта өз бояуын жоғалтпайды. Жоқ жерден тауды бұзып, тасты жарып ұлт үшін қызмет еткен адамдар ғой сондықтан осы тұрғыдан келгенде Сәкен еш уақытта ұмытылмайды, ол ұлт зердесінде. Сәкен ұрпақтан-ұрпаққа көшетін қазақтың тілі барда, қазақ руханияты барда өзінің орнын ойып алған ұлы тұлғалардың бірі.
– Аға, сөз соңында халқыңызға, жастарға айтар тілегіңіз.
– Қазіргі таңда Қазақстан халықтары бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешіп жатқандығы, ол Елбасының көреген саясатының арқасы деп білемін. Біздің елде өмір сүріп жатқан диаспоралардың барлығы ел саясатына разы. Ол ұлы саясатты Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Халықтары ассамблеясының аясында әдемі жүргізіп отыр. Бізге басқа елдер қызыға қарайды, үлгі тұтады. Сондықтан да, айрандай ұйып отырған еліміздің бірлігін сіз-біз болып сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп тапсырғанымыз жөн болар. Ал, жастарға келер болсақ, қазіргі жастарға көп оқып, көп үйрену керек. Әсіресе, тарихты, қазақ халқының салт-дәстүріне терең үңілу қажет. Жастар тәрбиесі нашар деп айта алмаймын. Дегенмен, әттеген-ай дейтін тұстар да жоқ емес. Мемлекеттік тілді білмейтін жастарды көргенде қиналамын. Біздің жастарымыз жаппай қазақша сөйлейтін күнді армандаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Айнұр Орынбайқызы