Сұрақ: Несиесі бар адамға құрбан шалу уәжіп пе?
Жауап: Құрбандық шалу – Ибраһим пайғамбардан жалғасып келе жатқан игі амал. Ханафи мәзһабында жағдайы бар адамға құрбандық шалу – міндет. Жағдайы бар деп мал-дүниесі мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Құран аяттары мен хадистерде тұрмысы төмен, қарызданып болса да, құрбандық шалсын деген талап жоқ.
Ал өмірлік қажеттілік адамды несие алуға мәжбүрлейді, осы несиенің арқасында кәсіп ашып немесе пәтер сатып алып жатқан жандар бар. Шариғат аса қажеттілік болмаса несие алуды насихаттамайды. Күнделікті табысыңыз несиемен кетіп жатса, құрбандық шалу міндет емес. Егер табысыңыз несиеден артылып тұрса, сауап үшін шамаңыз келген (қой, ешкі т.б.) малды құрбандық шалып, құрбандық етін отбасыңыз және ағайын-туысыңызбен пайдалансаңыз болады.
Алланың ризашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылы үшін сауап бар. Сахабалар Пайғамбарымызға (с.а.у.):
– Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.
– Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.
– Одан бізге қандай сауап бар?
– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.
– Қойдың жүнінен ше?
– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады, – деген.
Шынайы ниетпен істеген амалыңыз қабыл болсын!
Икрам АЙТАЕВ