Сұрақ: Мен дінді ұстанамын, бес уақыт намазым толық. Алайда ауыл шаруашылығына несие беретін жерде жұмыс жасаймын. Осындай жерде жұмыс істеу, қаншалықты дұрыс? Түсіндіріп берсеңіздер. Жұмысымды ауыстыру керек пе? әлде жоқ па?
Жауап:
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында осы сұраққа қатысты келесідей мәлімет берілген: «Сұрақ: Ассаламуалейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Бір бауырым банкте несие беретін бөлімде несие беруші болып жұмыс жасайды. Өзі жаңадан дінге бет бұрып, бес уақыт намаз оқуда. Енді не істесе болады? Жұмысын жалғастыра береме әлде жұмысынан шығама? Әли Алмат Амангелдіұлы
Жауап: Уағалайкум ассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Құрметті Алмат Амангелдіұлы! Бауырыңыз банктың несие беру бөлімінен басқа бөліміне ауысқаны жөн. Себебі, шариғатымызда несие алу және несие беруге тыйым салынған. Алла Тағала «Талақ» сүресінің 2-аятында:
«…Кім Алладан қорықса, оған бір шығар жол пайда қылады. (3) Оған, Алла, ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда Ол, оған жетіп асады. Сөзсіз Алла өз бұйрығын атқарады. Расында Алла, әр нәрсеге бір өлшеу қойған» дейді.
Бауырыңыздың шариғат бойынша адал еңбекпен дүние табуына тілектеспіз.
Сілтеме: http://fatua.kz/kz/post/view?id=710
Сонымен қатар, жекелеген ислам зерттеушілерінің басқалай да көзқарастары бар. Ол бойынша, сұрақта көрсетілгендей кіріс көзі анық болмаған жағдайда, табатын табыстың кіретін жолы қайдан келетінін негізге алған дұрыс деп пайымдайды.
Егер кірістің едәуір басым бөлігі тыйым салынған жұмыстарды жүргізуден түссе, оны тастаған абзал болады. Ал, егер табыстың көп бөлігі халал жұмыстардың нәтижесінде кіретін жағдайларда, жұмыстың аз бөлігі тыйым салынған болса да, жүктелген жұмысты атқара беруге болады. Сіздің айлық жалақыңыз берілген несиенің өсімінің мөлшеріне тәуелді емес, келісім-шартта нақты көрсетілген белгілі бір сома. Ал, өсіммен түскен табыстан қосымша жалақы немесе сыйақы беріліп жатса, бұл соманы есептеп, басқа мақсаттарға жұмсау ұсынылады.
Жалпы алғанда, бұл тақырып әлі де көптеген зерттеулерді талап етеді. Әрине ең бастысы, ешқандай жағдайда да, өсім және оған ұқсас т.б. харам нәрселерден аулақ болған жөн.
Бүгінгі жағдайда Сіз ар-ұжданыңызбен кеңесіп, жоғарыда ұсынылған екі көзқарастан өзіңізге ұнаған жолды ұстануыңызға болады.
Балғабек МЫРЗАЕВ