Нұр-Мүбарак университеті Германияның Оснабрюк университетімен ынтымақтастық орнатпақ. Бұл жөнінде Германияда іссапармен жүрген проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев хабарлады.
Дәл қазіргі уақытта проректор, PhD доктор Қ.Құрманбаев пен Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры филол.ғ.д., профессор Шамшәдин Керім Германияда іссапарда жүр. НМУ ғалымдары ислам саласына қатысты бірнеше шаңыраққа ат басын тіреп, ғалымдармен жүздесуде. Оснабрюк ислам теологиясы орталығы – Германияда ашылған алғашқы ислам орталығы. Осы орталық директоры профессор, доктор Бюлент Ұшар, ислам теология институтының профессоры Рауф Жейлан мен профессор, доктор Махмуд Хажжажбен кездесіп, келелі сұхбат құрды.
Сондай-ақ Имамдарды даярлайтын неміс ислам колледжі, «AVICENNA» ислам колледжімен танысты. Тек Германия имамдарын даярлайтын оқу ордасында дәрістер онлайн форматта өтетінін айта кетейік. Студенттерге грант мемлекет тарапынан бөлінеді, яғни білім ордасы Германия өкіметі тарапынан қаржыландырылады. Қазақстандық ислам ғалымдары аталған білім, ғылым ордаларындағы әріптестерімен кездесіп, болашақ ынтымақтастық пен әріптестік, ғылыми жобалар, магистрант, докторанттар мен студенттер алмасу, т.б. мәселелер жөнінде талқылап, меморандум жасау жөнінде келісімдер жасалды.