Сұрақ: Неліктен әр адамның ерік-жігері әртүрлі?
Жауап: Расында да адамның ойына: «Барлық адамды Алла жаратқан болса, неге кейбір адамдар шайтанға еріп күнә жасайды, ал кейбірі ерік-жігерінің арқасында күнә жасаудан аулақ жүреді? Не үшін Алла кейбіріміздің ырық-жігерін әлсіз, ал кейбірімізді мықты етіп жаратты?» – деген сұрақ келуі мүмкін.
Алла Тағала сынағына алған әрбір құлына, сол сынақтан өте алатындай мүмкіндік береді. Әрине, бала мен ақыл-есі кем адамнан мұндай сынақтың есебі алынбайды. Алла пендесін сынау үшін түрлі жағдай тудырып, машақат жібереді. Әр адамның бойындағы ерік пен жігерде – әлгі сынақты жеңіп шығатын күш бар. Бұлай болмаса әділ сынақ пен есеп болмас еді. Бұған қоса Алла пендесіне берген ерік-жігерін тартып алып, тек жақсылық жасауға мәжбүрлемейді. Бұл жағдайда, адамдар тек қуыршақ іспетті болар еді.
Негізі дүниеде тынбай еңбек етіп, жігерлік танытқандар табысты болып, жеңіп жатады, ал жалқау адамдар жеңіліс табады. Дәл сол сияқты діни сынақта да нәпсімен күресіп, табандылық пен жігерлік танытқандар ұтады, ал жалқау мен немқұрайлы адам ұтылады.
Егер Алла пенде атауының барлығын тең етіп сынақтан өткізуді жоспарлаған болса, онда оларды сынағына алмас та еді. Ол кезде нәпсімен қүресіп жігерлік танытқан мен жалқау адам, тақуадар мен нәпсіқұмар, жақсы мен жаман, әдіпті мен бұзақы адамдар бір қатарда тұрмақ керек. Бұл Алланың әділ сипатына тән емес. Алла әркімге өзі көтере алатын сынақ жібереді. Адамға шамасы келмейтін мәндетті жүктемейді:
«Алла (Т.) кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді; істеген жақсылығы өз пайдасына да, жамандығы зиянына» (Бақара: 286)
Сондықтан да «Алла пәленшеге жетерлік ерік пен қайсарлы жігер бермеді» немесе «Алла түгеншеге күшті ерік, табанды жігер берді» деген сияқты сөздерді айту пендешілік.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ