Мешітте имамдарға некелерін қидыртып, отбасын құрып жатқандардың басым көпшілігі өздерінің азаматтық некеге ұқсас бейресми қарым-қатынаста екендерін біле бермейді. Ер мен әйел ресми тіркеуге алынбаса, Қазақстан заңдарына сәйкес ерлі-зайыпты болып танылмайды.
ҚМДБ-ы республика көлеміндегі барлық мешіттерде неке қию рәсіміне қатысты қарар қабылдаған. Оған сәйкес, діни неке қию рәсімінің алдында тілек білдіруші жұп мемлекеттік азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен (АХАЖ) заңды некеге тұрғаны жайлы куәлік алып келуі міндетті.
Қазақстан заңдары мешіттегі неке қиюды ер мен әйелдің заңды одағы деп қабылдамайды. Сондықтан ол некесін қиған немесе осындай рәсімді өткізуды жоспарлаған жастар, тек діни ғұрыпқа сүйенбей, заң алдында да ниеттерін рәсімдеуі тиіс.
Әйтпесе, үйленуші, я тұрмыс құрушы жанның ниеті қаншалықты түзу әрі адал болған күннің өзінде, бұл отасу азаматтық некемен шамалас бейресми қарым-қатынас болып саналады.
Қазақстанда тек АХАЖ-да тіркелгенде ғана неке заңды және ресми болып есептелінеді.
Діни тұрғыда:
Неке сөзінің негізі – “никах” деген араб сөзі. Тілдік мағынасы бірігу, қосылу, яғни төсек жақындығында болу дегенді білдіреді.
Қасиетті Құранда: «Біз әр нәрсені жұп қылып жараттық» (Зарият сүресі 49-аят), — деген аят бар. Құран кәрім некелесуді әмір етеді. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Некелесіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні мен сендердің көп екендіктеріңмен мақтанамын» және «Неке қию — менің сүннетім. Сүннетімді тәрк еткен адам менен емес» делінеді.
Некенің талаптары мынадай:
Отбасы болуға шешім қабылдап отырған ерлі-зайыптылардың бір-бірінің некеге деген ризашылығын беруі.
Неке қию үшін кемінде 2 куәгер болы міндеттелген. Міндетті түрде мұсылмандар қатарынан 2 ер адам немесе 1 ер және 2 әйел адам куәгерлік етуі керек.
Қалыңдықтың қалауын беру. Яғни, шариғатта «мәһір» аталған міндетті, ер жігіттің қалыңдығына беруі керек сыйлығы.