Мемлекетіміз зайырлы ел болғандықтан, тек АХАЖ бөлімдерінде тіркелген неке ғана заңды болып табылады. Алайда, мешіттерде, шіркеулер мен синагогаларда да неке қию рәсімдерін қосымша жүргізуге тыйым салынбайды.
«Kazislam» порталының сарапшысы, Балғабек МЫРЗАЕВ, «Заңға сәйкес мемлекеттік органдарда тіркелген неке ғана мойындалады. Туған баланы, неке қидырғандарды, қайтыс болғандарды мемлекет тіркейді. Діни рәсімдер мемлекеттік тіркеуді толықтыра алады, бірақ оны алмастыра алмайды. Сонымен қатар, діни неке қиюға, бата беруге ешкім де тыйым салайын деп отырған жоқ. Бірақ олар алдымен ресми тіркеуден өтуі керек деген талап қана бар»[1] дейді .
Бүгінгі таңда мемлекеттің бүтіндігін бұзғысы келетін теріс ағым өкілдері өз мақсаттарына жету үшін неке мәселесінде де түрлі зымияндыққа барып жүргені белгілі. Яғни, жас қыздарды алдап ата-анасының хабарынсыз, мемлекеттік мекеме АХАЖ-дың куәлігінде керек етпей, жасырын неке қидырып алып жатады. Тіпті, олар неке қидыруға имамға да бармайды. Өз араларында бірер сүре жаттаған, некенің шарттарын біле бермейтін біреуіне некелерін қидырып ала салады. Осындай түрлі ағымдардың салдарынан «Азаматтық неке» және «Жыныстық жиһад» деген сынды некенің жаңа түрлері шықты. Мұндай некелер Ислам шариғатымен де, ата-баба дәстүрімізбен да үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ислам шариғатында некенің бір-ақ түрі бар. Ол – өмірлік неке, екі дүниелік жұп болу мақсатында көпке жәрия етіліп, қиылған неке. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Шариғатқа қайшы үйлену мен шариғатқа сай үйленудің ара жігін айыратын нәрсе – дабыл қағып, жария ету»[2] деген. Балаларымыз да, «Ақ некесі» қиылды деп, дүркіретіп той жасап, қарттардың батасын алып жатады. Онысы сол жастардың шаңырағы шайқалмасын, қосағымен қоса қартайсын деген ізгі тілектері, көптің алғысын алу екені баршаға мәлім болса керек.
Араб тіліндегі «Никах» сөзі, бірігу, қосылу деген мағыналарды білдіреді. Ал терминдік мағынасы, ер мен әйелдің бір-біріне адалдығын дәлелдейтін айғақ әрі бірге ғұмыр кешулерін білдіретін келісім-шарт. Шариғат бойынша, үйленудің үкімі сүннет болғанымен оның дұрыс болуының өзіндік шарттары бар. Енді, некенің сол шарттарына қысқаша тоқтала кетелік.
Әуелгісі, екі жастың өз еріктерімен келісімдерін берулері. Яғни, екі жастың бір-бірін ұнатуы, өз қалауларымен неке қидырып жатқандарын білулері әрі соған бірі «Жар етіп алдым» десе, екіншісі «Жары болып тидім» деген разылық лебіздерін көпшіліктің алдында ашық білдірулері. Әр екі жақ шарасыздықтан қосылуға мақұлдық беріп отырған болмауы керек. Бұл мәжбурлі некеге жатады. Мысалы, «Сен неге дін жолындағы азаматқа некеге шығуға қарсысың? Сені нәпсің жібермей тұр-ғой» деген сынды сөздермен бопсалап мәжбурлеу; бай-ауқатты азаматтар жағдайы төмен отбасындағы жас қыздарға дүниесін бұлдау арқылы түрлі жолдармен өзіне көндіру, т.б. Міне, осы сияқты мәжбүрліктің әрқандай түрі болмауы керек. Яғни, зорлау, мәжбүрлеу болған неке дұрыс емес. Әрі баянсыз болуына әкеліп соғатын негізгі себептердің бірі болып табылады.
Екіншісі, ақ неке кезінде екі куәгердің болуы тиіс. Екі ер адам немесе бір ер, екі әйел адам. Олар екі әлемде де куәгер болатын жандар. Яғни, бұл дүниеде қыз бен жігіт арасында қандай да бір келіспеушілік болып қалған жағдайда, оларға «Кеше серт берісіп, мәңгі бірге боламыз деген емес пе? едіңдер» деген сынды ақылия сөздерімен оларды жарастыра алатын адамдар болғаны дұрыс. Бұл куәгерлер екі жақтың ата-аналары болса, тіпті жақсы. Олар бір-бірімен сөйлесіп, білісіп, балаларына ризалықтарын білдірсе, ажырасу ісі де көп бола бермейді. Ал, қияметте сол қыз бен жігіттің ақ некелі жұптардан болғанына да Алла алдында куәлік етеді.
Соңғы кездері жастар арасындағы ажырасудың көп болуына байланысты, қызының некеге шығып жатқанын ата-анасының білуі некенің басты шарттарының біріне айналып отыр. Әсілі, балиғат жасына толған қыз өзінің қамқоршысының (уәлидің) рұқсатынсыз некелескен болса, Әбу Ханифаның пікірі бойынша, ол неке дұрыс болып есептеледі. Ал Имам Мұхаммәдтің тұжырымы бойынша, қиылған неке қамқоршысының рұқсатына дейін өз күшіне енбейді. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қамқоршысының рұқсатынсыз қиылған неке – неке емес» деп, қамқоршының рұқсаты маңызды екенін өзінің хадистерінде айтқан[3].
Үшіншісі, мәһір – қыз бен жігіттің некелесу кезінде материалдық бір затқа келісуін білдіреді. Бұл да орындалуға тиісті болған неке шарттарының бірі. Өзара келісімге сай мәһірді неке кезінде де немесе кешіктіріп берсе де болады.
Ханафи мәзһабы бойынша, мәһірдің ең аз мөлшері он дирһам. Пайғамбарымыздың (с.а.с) заманындағы бір күміс дирһам шамамен қазіргі таңда 3 граммға сәйкес келеді. Ал он дирһам – 30 грамм мөшерінде. Яғни, берілетін мәһірдің құны 30 грамм салмағындағы күмістен кем болмауы керек. Сондай-ақ, Ханафи мәзһабында Құрандағы «хас» – жалқылық мағынасын білдіретін сөздер қатғи (кескін) дәлел болып, сол сөзге толықтай амал ету міндет болады. Құранда: «Әйелдеріне қатысты нені парыз (өлшам) еткенімізді білеміз»[4]деген аятындағы «нені» мағынасын білдіретін хас «ما» сөзінің үкімі былай түсіндіріледі. Алла тағала: «Ол әйелдердің біріне көп мәһір (қинтар) берген болсаңдар…»[5] деп «қинтар» сөзімен мәһірдің көбінің шегі жоқ екенін айтып, мәһірдің ең азы болған он дирһамды шариғатта парыздығы (өлшемі) анық болған үкім деп қарастырады. Әрі мұны жазаның жеңілі болған ұрлық мәселесімен де қияс қылады. Сонда Құранда «парыз еткенімізді білеміз» аятындағы белгілі болған мәһірді «он дирһамды» беру үкіміне амал еткен боламыз деп аятты басшылыққа алса, Пайғамбарымыздың (с.а.с): «Мәһір он дирһамнан аз болмайды»[6] деген хадисін де келтіреді[7].
Ал Ханафи мәзһабінің ғалымдары, Алла елшісінен (с.а.с) жеткен: «Сен ол әйелге жиырма аят үйретсең, ол сенің әйелің»[8] деген, немесе Әли (р.а) Фатимаға (р.а) үйленер кезінде: «Тоныңды бер»[9] сынды хадистерді қолы қысқа кісілердің алдын-ала азырақ болса да мәһір беріп, некеге шыққан әйелдің көңілін аулау көзделгенін айтады. Өйткені, Ислам тарихында Әлидің (р.а) Фатимаға (р.а) төрт жүз күміс дирһам бергені анық. Сол сияқты Құран үйрету, намаз, ораза және қажылық ғибадаттарын мәһір ретінде атауы материалдық мәһір беру міндетін мойнынан түсірмейді дейді[10]. Яғни, мәһір – әйел кісі өзін еріне бүкілдей тәуелді еткені үшін көңіліне жұбаныш ретінде берілетін материалдық сый болғандықтан, некеге шыққан әйел мәһірін қаржылық қоры ретінде жеке пайдалануына әбден құқылы. Сондай-ақ, күйеуі талақ беріп тастап кетсе немесе қайтыс болған жағдайда, сол әйелдің одан ары қарайғы материалдық қиындығын жеңілдету ісі де осы мәһірде көзделген деуге болады. Сонымен қатар, мәһірге көлемді дүние беріп үйленген кейбір ер-азаматтар әйеліне талақ берерінде ойланары сөзсіз. Себебі, көп адамға қайта-қайта үйлену экономикалық тұрғыдан да ауыр келері сөзсіз. Міне, осы тұрғыдан Ханафи мәзһабында мәһірдің материалдық зат болуына баса мән берілген.
Ал соңғы кездері үйленіп, ажырасу деген жастар арасында көбейіп кетті. Біріншісін қоя беріп, екіншісін алуда қиын емес. Әрине, ажырасудың басты себебі некенің аталмыш шарттарын жете түсінбеуден, мәніне үңілмеуден туындап отыр деуге болады. Өйткені, «ажырасу» деген ер мен әйелдің отбасылық өмірін одан ары жалғастыруы еш мүмкін болмаған жағдайда ғана қабылдайтын соңғы шешімі болуы керек. Мысалы: ерлі-зайыпты болған адамдар арасындағы ұрыс, түсініспеушілік күн сайын үдеуі себепті имандарына нұқсан келтіретіндей болса, онда имандарын сақтап қалу мақсатында өзара түсіністікпен, бірін-бірі кешіре отырып ажырасуларына рұхсат. Алайда, көп жастар өздерінің некелесудегі басты мақсаттарын жете түсінбеулері ажырасуға мұрындық болып отыр. Немесе отбасын сақтап қалу екі дүние бақытына қауыштыратын бір мүмкіндік болса, ажырасу да екі дүниеде бақытсыз ететін бір себер екенін біле бермейді. Себебеі, ерлі-зайыпты ажырасқан жағдайда қоғамда қорғансыз жесірлер мен тәрбие көрмеген жетімдер пайда болады. Отбасына дұрыс қарау, ұрпағына имани тәрбие беру ата-ананың, әсіресе, отағасының міндеті екендігін жете түсінгенде, талақ беру ісі де көп болмас еді. Сондықтан, осындай өзекті мәселелерді тиімді шешуде жаңа заң жобасындағы некеге қатысты жақтарының да оң ықпалы болатыны сөзсіз.
Асыл БЕК
[1]https://baq.kz/kk/news/kogam/din_isteri_ministrligi_azirlep_zhatkan_zan_zhobasinda_sakaldan_da_manizdi_dunieler_bar_20170906_101500
[2] Тирмизи, Никах: 6.
[4]Ахзаб сүресі, 50-аят.
[5]Ниса сүресі, 20-аят.
[6]Сүнәну Дәру Құтни, 3/245.
[7] Әбу Яғқуб әш-Шаши,Тәсһилу Ұсулус Шаши, 11-12 бет.
[8]Әбу Дәуіт, 2111-хадис.
[9]Әбу Дәуіт, 2126-хадис.
[10]Молла Әли Қари, Фәтху бабил ғинәя фи шархи китәбин Ниқая, 2-том, 283-388 бет.