Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Олай болса Әлиді менің алдыма шақырыңдар, – дейді.
Сахабалардың арасынан бір кісі Әлиді шақыруға кетеді. Сосын қалғандарынан Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Егер сендер бір адамға жақсылық жасасаңдар ал, ол адам керісінше сендерге жамандық жасаса, не істер едіңдер? –деп сұрайды. Олар бір ауыздан:
– Жақсылықпен жауап берер едік, дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.) тағы да:
– Ал, егер ол сіздерге қайталап жамандық жасаса ше? Тағы жақсылық етесіңдер ме? – деп сұрайды. Сахабалар тағы бір ауыздан:
– Онда да жақсылық етеміз, – деп жауап береді.
– Егер ол адам үшінші рет жамандық етсе не істейсіңдер? – деп Пайғамбарымыз үшінші мәрте сұрағанда ешкім жауап бере алмай, үнсіз қалады.
Сол сәтте хазретті Әли кіріп келеді. Пайғамбар (с.ғ.с.) одан да дәл осы сұрақтарды сұрады.
– Ей Әли! Егер сен бір адамға жақсылық етсең, ол саған жамандық
жасаса не істер едің?
– Әрине, жақсылық жасаймын. Пайғамбар (с.ғ.с.) сұрағын жеті рет сұрағанында да хазретті Әлиден осындай жауап алды. Сонда хазретті Әли:
– Бәрібір жақсылық етемін ей, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Бұл сұрақты қанша сұрасаңыз да берер жауабым осы, – дейді. Сол кезде сахабалар бұл жауапты естігеннен кейін қайран қалып пайғамбарға (с.ғ.с.) былай деді:
-Ей Алланың елшісі! Хазретті Әлидің мәртебесі неліктен біздерден жоғары екенін, әрі сіздің мұншама оған сүйіспеншілік артуыңыздың себебін енді түсіндік. Біз де оны қатты жақсы көреміз, деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ