Қазақ халқы қаншама белестерді еңсеріп, тәуелсіздік тұғырын бағындырды. Бұл биіктік пен елдікке жетем дегенше, сүрлеулі жолдар тарих беттерінде із қалдырғаны анық. Әлем бізді танығанға дейінгі жолда «бабамның қаны, анамның жасы төгілді» дерліктей таңбалар жатыр.
Тәуелсіз Қазақстан халықаралық аренаға өз жетістіктері мен үлкен табыстарға қол жеткізу арқылы танылды. Осылайша ел тәуелсіздігінің жиырма сегіз жылдық тарихында қоғам ішінде азаматтық келісім мен саяси тұрақтылық қалыптасты.
Елімізде тыныштық пен бірлік салтанат құрып, сүттей ұйыған шаңырақ астында түрлі этнос пен конфессия өкілдері өмір сүріп жатыр. Мемлекетіміз ешкімді тілі мен діліне қарап бөлмейді. Барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы ішкі және сыртқы тұрақтылықты нығайтуға күш салып отыр.
«Біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады» деген ұлағатты сөздің тереңінде зор мән бар. Ұл мен қыздың, өскелең ұрпақтың ертеңіне алаңдаған ұлтымыздың ізгілері «Береке басы – бірлік» деу арқылы бірлік пен тұтастықтың маңызды екенін түсіндіріп келеді.
Ата заң арқылы бекітілген еліміздегі діни сенім бостандығының нәтижесінде көптеген ұлттар мен ұлыстар, бірқатар конфессия өкілдері ауызбіршілік пен ынтымақтастықта өмір сүруде. Заңды түрде тіркеуге алынған барлық діни бірлестіктер еркін қызмет атқаруда.
Еліміздің діндер арасындағы тұрақтылықты сақтаудағы қадамы халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаға ие. Нәтижесінде 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер сиезі өткізіліп келеді. Әлемдік діндер арасында ашық пікірлесуге мүмкіндік беретін ауқымды шараның нәтижесінде әлем халықтарының тату өмір сүруі мен өзара түсіністігіне бағытталған келіссөздер жасалынды. Ашық диалог алаңы үш жыл сайын өткізіліп келеді. Діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты баянды ету, діни қауымдар арасындағы өзара түсінік пен құрметті одан ары нығайту, экстремизмге қарсы тұра алатын толеранттылық пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру сиез жұмысының басты мақсаты болып табылады.
Қыркүйек айының он сегізінде Елордада Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері сиезі Хатшылығының XVIII отырысы өткені белгілі. Алқалы жиынға шартараптан түрлі дін көшбасшылары келіп, VI сиездің қорытындысы және Хатшылық қызметінің алдағы жұмыстары талқыға түскен болатын.
2021 жылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII сиезін өткізу бойынша ұсыныстар да шет қалмады.
Осы тұста келесі сиез Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс өтетіндігін айтып өткен жөн.
Жер бетіндегі барша адамзат баласының бейбіт өмір сүруі үшін олардың арасында келісім мен үйлесімділікті қалыптастыру аса маңызды. Еліміз мейірімділік пен ізгілікті халықтар арасындағы түсіністікке кеңінен қолдану арқылы қанында бар тектілік пен дархандылықтың үлгісін паш етіп отыр.
Хатшылық отырысында сөз алған төраға Дариға Назарбаева:
«Осы күндері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші сиезі өткен кезден бері 16 жыл өтіп отыр. Сол сәтте қонақжай қазақ жері алғаш рет бейбітшіл, достық пейілді және жемісті конфессияаралық диалогты жүргізу үшін ашық алаңға айналған болатын. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу идеясының авторы болды. Өткен жылдары Қазақстанның орасан зор ядролық қару арсеналынан бас тартуына бастамашы болған, бүкіл әлем мойындаған бітімгер, Тәуелсіздік жылдары ішінде өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тірегіне айналған елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын ең ірі әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары қолдады», – деп атап өтті.
Ашық пікірлесу алаңына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының III сиезінің ашылу салтанатында Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ. Сондықтан, ізгілік, рақым, имандылық секілді мәңгілік ұғымдарды санаға дарыту арқылы адамдарды тазарту қажет. Адам түзелмей, заман түзелмек емес. Бүлінген заманды түзеу – адамның өз міндеті. Ал адамды діни сенім арқылы түзетуге болады»,- деген болатын.
Қазақстан азаматтары қандай дінді ұстанамын десе де ерікті. Осы ретте, Қазақстан – Орталық Азиядағы бұл мемлекет көпұлттылықтың, төзімділіктің символы болып танылды. Қазақстан көпконфессиялы мемлекеттер қатарына жатады. Республика аумағында ислам, христиан, иудаизм және басқа да діндер қызмет атқаруда.
Діндердің көптігіне қарамастан халықтың 70%-ыздан астамы ислам, 23%-ы православие дінін ұстанушылар. Демек, қалған пайыз басқа конфессиялардың үлесінде. Діндер арасында үйлесімділік пен келісімнің, татулықтың болуы мемлекеттік саясаттың ілгерілеуіне септігін тигізуде.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Сиез Хатшылығы мүшелерінің кезекті XVIII отырысында: «Чогие» Кәріс буддистік ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің және Жаынса ғибадатханасының өкілі Ян Ки Хун: «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Сиезі діндер арасындағы нәтижелі диалог пен өзаратүсіністік орнатуға ықпал етеді деп сенемін» десе, Дінаралық қатынастар бойынша СШҚБ Хатшысы, Әулие Әке Дмитрий Сафонов: «Қазақстан соңғы жылдарда бейбітшілік орнату бойынша халықаралық бастамалардың ерекше аймағына айналды. Өткен екі жылдың ішінде Сириядағы жағдайды реттеуге арналған саммиттің 12 халықаралық кездесуі өтті. Орыс Православ Шіркеуі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Сиезі Хатшылығымен көпжылдық ынтымақтастық қарым-қатынастарды жоғары бағалайды»,-деп ашық пікір білдірді.
Жиын барысында талқыға түскен мәселелер көп. Соның ішінде сиез хатшылығы мүшелеріне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері сиезінің «Ерікті елшісі» атағын беру мәселесі де көтерілді. Сонымен қатар сиездің әнұранын шығару төңірегінде де ой талқыланды.
Дін құндылықтарының ішіндегі ең биігі, қастерлісі – бейбітшілік пен келісім. Шаңырақтың береке мен бірлікке толы болуында татулық қандай маңызды болса, бейбіт өмір де пенденің жанына тыныштық ұялатады.
Бүгінгі зайырлы қоғам тұрғысынан алып қарағанда бейбітшіліктің маңызы зор. Мұны санамен түсіну үшін әрбір жүректе Отанға деген құрмет пен сүйіспеншілік болғаны жөн. Барша халыққа қасиетті топырақтың жылулығын сезіндіріп, кеңінен құшақ жайып отырған еліміздің келешегі кемел.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ