Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан қалыптасқан ұлттық мейрам. 22 наурызда күн мен түн теңеседі. Наурыз – жылдың бірінші күні, жыл басы, көктемнің алғашқы айы. Наурыз мерекесін қазақ халқы «Армысың, әз-Наурыз», «Әз болмай, мәз болмас» деп қарсы алған.
Наурыз – қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаларға Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген. Қазақ тілінің терминологиялық сөздігінде парсы тіліндегі «нау» – «жаңа», «руз» – «күн» деген сөздерінен шыққан деген мәлімет берілген.
«Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры Мұхитдин Исаұлы «Әз Наурызды», «көрісуді» парсының діни мейрамы дейтіндер бар дейді.
– Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Көрісу – сонау ықылым заманнан ғұндардан, сақтардан бері, тіпті одан әріден бар ғұрып. Өйткені, біздің ата-бабаларымыз бүгінгідей қыстың күні «квартираға» тығылып жатпаған. Олар мынау ұшы-қиыры жоқ кең даланы иемденіп еркін жатқан. Қыс айлары, әсіресе, күн суық жақтарда алты айлап бір-бірін көре алмай, содан қыстан аман шыққаны үшін көрісетін болған. Бұрынғылар көкті ұстаған бір Тәңірге шүкіршілік айтса, кейінгі мұсылман бабалар сол көкті ұстаған бір тәңір болған Аллаға шүкіршілік еткен. Амандық сұрасқан. Амандық сұрасу – Пайғамбардың сүннеті. Бұл сол көктемнің алғашқы күндерінде болатын еді. Жаңа жыл, жаңа өмір болып басталған. Құрандағы «Алланың өлген соң қайта қалай тірілтетініне қараңдар» деген махшар күнін еске алатын болған, – дейді Мұхитдин мырза.
Ал филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы Наурыздың исламмен немесе басқа дінмен тікелей байланысы болмағанымен, халықтық жыр-аңыздар әз-Наурызды топан су тартылып, Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған кезеңмен байланыстырады дейді.
– Құрғаққа шыққанда Нұқтың кемесінде әр азық-түлік түрінен бір-ақ уыстан қалған екен, солардың бәрін қосып, бір қазанға қайнатып ас пісіріпті. Наурыз көжені жеті түрлі дәмнен жасау содан қалыпты дейді қазақ аңызы. Мұсылман шығыс жұртының бірқатарында наурыз көжеге ұқсас дәм бар. «Наурызнаманың» көне нұсқалары да көптеген мұсылман халықтарында кездеседі.
Кез келген жиын-тойды Алладан тілек тілемей бастамайтын да аяқтамайтын халқымыз Наурызда да өлілердің рухына құран бағыштап, Алладан тілек тілесіп, бұл мерекені мызғымас рухани дәстүрге айналдырған. Сондықтан болар, наурыз көжені оңтүстікте «құдайы көже» деп те атай береді, – дейді Айнұр ханым.
Бұл ретте, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Омарұлы Наурыз қазақтың салт-дәстүрін есіне түсіретін этнографиялық тойына айналғандығын алға тартады. Əркім өзінің есінде қалған дәстүрін өзінше орындауға дайын тұрады.
– Біреулер келін түсіру ырымын жасайды, біреулер баланың тұсаукесерін өткізеді деген сияқты. Наурыз жаңа жылдың басы болғанмен, бірнеше мың жылдық тарихы бар қасиетті мейрам есебінде тойланбай келеді. Менің ойымша, Наурыз біздің ұлттық жаңғыруымыздың, ұлт құндылықтарына көзқарасымыздың, ұлтжандылығымыздың көрсеткіші. Мен бұл жерде бір адамды немесе халықты кіналайын деп отырған жоқпын. Шамасы Ресей отаршылдығы, Совет үкіметінің қырып-жою саясаты қазақтың рухын, өзіндік санасын осындай ауыр деңгейге жеткізген, – дейді тарих ғылымдарының докторы.
Сондай-ақ 1926 жылдан бастап, тоталитарлық жүйенің ықпалымен наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынғандығын тілге тиек етті. Көп жылдар бойы ұмтылып, сынын жоғалтқан мереке 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі өз жалғасын тапқан.
Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген атақ берді.
Еске салсақ, 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас ассамблеяның берген мәлімдемесі бойынша, Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатыр.
Балжан ӘБДІРАШ