Парсы тілінде «жаңа күн» мағынасын білдіретін Наурыз мерекесі, 21-наурызда (кейбір елдерде 22-наурыз) Орта Азиядан бастап Таяу Шығыс және Балқан түбегіне дейін созылған ұлан-ғайыр жағрапияда тойланады.
Ежелгі заманнан бері түрлі халықтар қыс мезгілі бітіп, көктем мезгілінің келуімен ауылшаруашылық жұмыстары басталған кезде сондай-ақ, егін жинау кезінде той тойлап көпшілікпен бірге атап өтетін болған. Мысалы, Ескі Бабылдағы «Ақиту» деп аталатын фестиваль жылдың бірінші айында, яғни сәуір айының алғашқы он екі күнінде тойланатын. Екінші жағынан, еврейлер бірінші, алтыншы, жетінші және тоғызыншы айлардың алғашқы күндерін, Жаңа жыл күні ретінде тойлайтын.[1] Кенанилерден басталған Израильдіктердің жеті күндік (Ашымаған нан) деп аталатын Құтқарылу мейрамы, жылдың бірінші айында тойланатын[2] болған.
Наурыз мерекесінің қайда және қашан басталғаны белгісіз болуымен қатар, бұл мерекеге қатысты ең алғашқы сілтемелер Иран деректерінде кездеседі.[3] Иранда Зороастризмге дейінгі халық арасында «егін жинау» деген мағынада (Mehrecan) және «көктемді тойлау» деген мағынаны білдіретін Наурыз мерекелері туралы әртүрлі мәліметтер бар.[4] Бұған қатысты Ахеменидтер дәуіріндегі рельефтерде, миләди жыл санаудан алдын 559-330 жылдарға сәйкес келетіні туралы деректерде кездеседі.
Исламға дейінгі Иран дәстүрінде Наурыз – ұлттық және діни мейрам ретінде тойланған. Сонымен қатар, ирандықтар Наурызды мифологиялық патшалар Кайумерс пен Джемшидтің таққа отырған күні, Феридун Жемшидтің екі қызын тұтқынға алып, Аздахакты өлтірген күн ретінде тойлайтын болған.[5]Ал, Ежелгі Ирандықтар Наурыз мерекесін табиғаттың, әсіресе, оттың пайда болуына қарсы тойланатын мереке ретінде тойлаған. Сол себептен де, Мәжусилерде Наурыз оттың иесі деп, Аша Вахиштаға тиесілі деген ұғым қалыптасқан. Сонымен қатар, Иран дәстүрінде Наурызда өлген адамдардың рухтары деген мағынаға келетін, «феревешиттер» деген сенімдерімен де байланыстырады. Наурыз мерекесі Саби дәстүрінде кездеседі. Саби дінінің сеніміндегі күнтізбесі бойынша Кам Давланың екінші күнінде жаңа жылдық күн ретінде атап өтетін Дихба Раббаны Наурыз Құдайы деген мағынада «Ұлы Наурыз» деп атап өтетін.[6]
Орта ғасырдан бастап табиғаттың қайта оянуы мен әртүрлі түркі тайпаларының ауылшаруашылық жұмыстарының басталуына орай ұйымдастырылған 21-наурыз көктем мерекелерін «Наурыз мейрамы» деп аталған. Дәл осы күнді кейбір түркі тайпалары күнтізбелері ретінде «Жаңа жыл» деп атағанын да байқаймыз. Шын мәнінде, күнтізбеге сәйкес ұйымдастырылған он екі жануардан тұратын «Жәлали» күнтізбесі бойынша, 21-наурыз жылдың басы деп көрсетілген.[7] Түркі тілдес мемлекеттер арасында 21-наурыз жаңа жыл мерекесі ретінде аталуымен қатар, Наурыз сөзі әртүрлі қолдануда.[8] 21-наурыз «Наурыз мерекесі» Азия түркі халықтары арасында, Қарақандықтарда, Селжұқтарда және одан кейінгі Осман мемлекетін билеген Түркі халқы арасында үлкен ықыласпен аталып өтетін. Наурыз мерекесі Селжұқтарда мемлекеттік ресми мереке болатын.[9] Осман мемлекетін билеген түркілерде сарайда патша мен уәзірлері арасында тойланып, жауынгерлерге сыйлық та таратылатын болған. Наурыз мерекесі, әсіресе Түркі мемлекеттері арасында 1980 жылдардан бастап ресми мереке ретінде мемлекеттің араласуымен аталып өтілетін болды.[10]
Мұсылмандар Иранды жаулап алғаннан кейін мұсылман болған ирандықтар арасында Наурыз мерекесі тойлана бастауы әбден мүмкін. Өйткені, Фатими мемлекетінің билеушісі Хаджжаж б.Юсуф әс-Сәкафи тарапынан ресми болып, мұсылмандар арасында алғаш тойлана бастаған деген дерек бар.[11]Аббаси мемлекетінің билеушісі Мутәуәккил-Алеллаһ Наурыз мерекесінде орындалған рәсімдерін ұнатып, қызыл, қара және сары түске боялған ақшаларды ойыншылар мен көпшілікке таратқан делінеді.
Наурыз ислам дәстүрінде түрлі тарихи тұлғалар және оқиғалармен байланыстырған. Шииттер мен Бекташи дәстүрінде Хз.Әлиге қатысты көптеген оқиғалар Наурыз күні болды. Мысалы, Хз.Әлидің туған күні, Хз.Фатима мен Пайғамбарымыздың үйленген күні және Хз.Мұхаммед өзінің халифатын жариялаған күн деп мәлімдеген.[12]
Жалпы Түркі халқының тарихи болжамы бойынша, Хз.Адам Наурыз күні жаратылды, Арафатта Адам мен Хауа осы күні кездескен. Сонымен қатар, Хз.Нұх алғаш рет жерге аяқ басса, Хз.Юсуф құдықтан, Хз.Юнус балықтың ішінен құтылған және Хз.Ибрахим пұттарды сындырған күн деп есептелген.[13] Алайда кейбір ислам ғұламалары наурыз мерекесіне қарсы шығып, мұның Отқа табынушылар дәстүрлерінің жалғасы екенін атап өтті.[14] От пен суға байланысты элементтер ұзақ уақыт бойы Наурыз мерекесінің ерекше көріністерінің бірі болып келеді. 21-наурызда күндіз және кешкісін адамдар алаңдарда жанып тұрған оттың айналасына жиналып, күнәларынан тазару және бақытты ғұмыр кешу үшін оттан секіреді. Сондай-ақ, кейбір түркі тайпаларында отта темір балқытылып ұрылатын болған.
Наурыз мерекесінің артықшылығы мен пайдалары қоғамның қарым-қатынастағы рөлі, пайдалары секілді діни тұрғыдан Шииттердің әдебиеттерінде көп кездестіруге болады. Шииттердің Иранда ресми мәзһаб болған Сафави дәуірінде, Наурыз туралы «Китабу Нузхети з-захид» және «Китабу Лебби’л-Елбаб» сынды екі жүзден астам еңбек жазылды.
Наурыз айында арнайы дайындалған бірнеше тағамды бір қазанға құйып, жастар арасында ойындар ұйымдастыру арқылы жергілікті халықтың әдет-ғұрыптары насихатталып, бірлікке пен ынтымаққа шақырған. Сонымен Наурыз мерекесі Иран мәдениетінен бастау алғанымен, кейіннен Түркі халықтары арасында әдет-ғұрып және діни ұстанымына сай аталып өтілетін болған. Бұл жайында Парсы және мұсылман елдерінің ұлттық әдебиеттерінде насихатталған.
Исатай Бердалиев
Ислам Құқық ғылымдарының докторы
[1] Г.Фохрер, Хистори оф Исраелите Религион, Лондон 1972, 382-б.
[2] Ж. Бригһт, Хистори оф Исраел, Лондон 1960, 164-бет.
[3] С.Н.Р. Ризуи, Науруз-А Фестивал оф Културал Интегратион, LXXVIII/2 (2004), 53-бет
[4] ЕҺсан Иаршатер, “Nawrūz”, X, 341-342
[5] Г. Виденгрен, Лас Религионс де лИран, Париж 1968, 60-бет.
[6] Шинаси Гундуз, Сабилер: Сон Гностиктер, Анкара 1995, 166-бет.
[7] Решат Гунеш, “Турк Тарихында және Културунда Наурыз”, Улуслар арасы білгі семпозиму баяндамасы, Анкара 1995, 15-25 беттер.
[8] М. Қосыбеков, Наурыз Ұлыстың ұлы күні, 4-бет.
[9] Сейфулла Коркмаз, Селчуклулуарда Наурыз кутламасы, Кайсери 1999, 253-256 беттер.
[10] Б. Сепаралин, Қазақтарда Наурыз, 29-бет.
[11] Абдулмумин Султан, Әл-Мужтемау л-Мисри фи л-Ашраи л-Фатми, Каиыр 1985, 168-170 беттер.
[12] Бедир Ноян, Шииттердің Байрамлаырындан Наурыз, 100-109 беттер.
[13] Мустафа Услу, Түркі әлемінде Наурыз, 22-24 беттер.
[14] Ахмад б. Хусайын әл-Бейхаки, әс-Сунену л-Кубра, Хайдарабад 1356, том IX, 234-бет.