Тынық мұхитының қақ ортасында Науру деп аталатын шағын ғана арал-мемлекет бар. Жер көлемі – бар-жоғы 21,3 шаршы шақырым, бұл шамамен Қосшы қаласының ауданымен тең (24,1 шаршы шақырым). Халқының саны – 11 мың адам. Көпшілігі ағылшын тілімен қоса, науру тілінде сөйлейді. Өткен ғасырдың 70-80-жылдары әлемнің ең бай мемлекетіне айналған Науру – қазір дүниедегі ең кедей елдің бірі. Сырттан көмек тоқтаса, мемлекет ретінде жойылып кету алдында тұр.
Науру аралына адамзат баласы алғаш рет қай кезде қоныстанғаны туралы нақты дерек жоқ. Бірақ тарихы тым тереңде жатқаны анық. Мұны аралды мекендейтін халықтың тіліне қарап та айқындауға болады. Науру тілі әлемдегі басқа ешбір тілге ұқсамайды. Алып мұхиттың ортасында өзге халықтардан оқшау жатқандықтан да, үлкен тілдердің ықпалына ұшырамай, өзіндік қалпын сақтап қалған әрі күнделікті тұрмыста белсенді қолданылады.
Балық аулап, одан қалды, кокос пальмасы мен панданус өсіріп, өз күнін өзі көріп жатқан аралды 1798 жылы ағылшындар «ашқан» болатын. Бірақ алтын іздеп барған оларды жер бедері жұтаңдау шағын құрлық қатты қызықтыра қоймапты. Сол уақыттан бастап формалды түрде Англияның отарына айналғанымен, наурулықтар тағы бір ғасырдай өз бетінше дербес өмір сүрді.
1880 жылдары британ геологі Альберт Эллис арал қойнауынан аса ірі көлемдегі фосфорит қорын тапқаннан кейін Наурудың тағдыры күрт өзгеріп сала берді. Алып мұхиттың ортасындағы жападан-жалғыз мекен ерсілі-қарсылы ұшқан құстардың дамылдап, дем алатын аялдамасы еді. Ғасырлар бойы жинақталған олардың фосфоритке бай саңғырықтары тыңайтқыш дайындау үшін таптырмас пайдалы минералға айналған еді. Наурудың бұл қазба байлығы әлемнің өзге жерлерінде кездесетін фосфориттерден ерекшеленетін, сондықтан оны кейде «науруит» деп те атайды.
Айдалада егесіз жатқан батпанқұйрыққа Еуропа елдерінің назары бірден ауып, көп өтпей жұрттан бұрын қимылдаған Германия аралды аннексиялайды. 1906 жылы неміс өкіметімен келісіп, фосфорит өндіруге рұқсат алған аустралиялық «Pacific Phosphate Company» мекемесі кең көлемдегі кен өндірісін жолға қойды. Ал 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда еуропалық елдердің өз-өздерімен қырықпышақ болып жатқанын сәтті пайдаланған Аустралия Науруға әскер түсіріп, басып алады да, қойнауы бай аралдың басыбайлы иесіне айналып шыға келді.
Сол кезден бастап жергілікті халық қара жұмысқа жегіліп, қолына азын-шоғын тиын-тебен ғана тиіп, ал кен экспортынан түскен аста-төк пайда отарлаушы елдің қазынасын толтырып отырды. Тек 1968 жылы Науру өз тәуелсіздігін жариялап, фосфорит кенін өндіруді «Nauru Phosphate Company» деп аталатын жергілікті мемлекеттік компания өз қолына алғаннан кейін ғана елдің тасы өрге домалап, дорбасын долларға толтыра бастайды. Міне, шағын мемлекеттің шын мәніндегі «ертегі елге» айнала бастауы да – осы кез.
Ол уақытта әлемде науруиттен асқан тыңайтқыш болмағандықтан аралда өндірілетін қазба байлыққа сұраныс күн санап артып, Аустралия, Жапония, Жаңа Зеландия және Ұлыбританиямен тұрақты экономикалық байланыс жолға қойылды. Нәтижесі де көп күттірген жоқ, айналдырған бірнеше жылдың ішінде Наурудың ішкі жалпы өнім көрсеткіші жан басына шаққанда 13 мың АҚШ долларына жетті. Қазіргі ақшамен бұл шамамен 177 мың долларға пара-пар. Өзге дамыған елдердің тұрғындары мұндай табысқа еңбек етіп жеткен болса, наурулықтар жұмысты мүлдем тастаған еді. Өйткені үкімет ай сайын әрбір тұрғынға 4 мың доллардан (қазіргі ақшамен 40-50 мың доллар) жәрдемақы төлеп тұрғандықтан, оларға тіпті жұмысқа шығуға қажеттілік болмай қалды. Ал фосфорит кен орындарындағы қара жұмыстың бәрін Кирибати, Тувалу сынды көрші арал-мемлекеттерден келген мигранттар жасайтын. 70-жылдардың ортасына таман ел үкіметі жергілікті тұрғындар үшін коммуналдық шығындарды, медицина мен білім саласын түгелдей тегін қылып, салықтан да біржолата босатты.
Қалтасы ақшаға толған наурулықтардың қаншалықты шалқып өмір сүргенін және масылдыққа бой ұрғанын мына мысалдардан-ақ көруге болады. Егер көліктері бұзылып қалса, оны жөндеп әуре болып жатпайтын. Қоқысқа лақтыра салып, жаңа көлік сатып алатын. Бұл елде көлік жөндейтін орындар да жоқ еді. Сондықтан жылына бір көлік міну дәстүрге айналды. Тұрмыстық тұтыну заттарын да дәл осылай шұлықша айырбастайтын күнге жетті. 3 мың шақырым жердегі Аустралияға ұшақпен барып, түскі тамақ ішіп келу де әдеттегі жағдай еді.
Қызды-қыздымен олар балаларын мектепке жіберуді де қойған. Өйткені «болашақта жұмыс істемейтін болсақ, оқу неге керек» деген қисынды жауабы дайын еді. Еңбек ететін мигранттар бар, ақша құйылып жатыр, басқа не керек? Нәтижесінде, бүкіл өмірін тек сауық-сайранға арнап, одан қалса, шетелге қыдырып, ақша шашумен ғана күндерін өткізіп жатты. Бұған дейін жұмыс істеп келген азын-аулақ өндіріс орны мүлдем тоқтады. Өйткені еңбек ететін адам да қалмаған еді, ал азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттың бәрін тек шетелден импорттап отырды.
Саусағын да қимылдатпай, жатыпішер өмір салтына әбден бой үйреткен наурулықтар арасында семіздік дерті кең тарайды. Бұл дерт әлі күнге ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, жалғасып келе жатыр. Қазір ел тұрғындарының 80 пайыздан астамы артық салмақ арқалап жүр. Соған байланысты диабет елдегі өлім-жітімнің ең басты себебі болып отыр.
80-жылдарға аяқ басқанда күні-түні кен қазу салдарынан шағын арал қойнауындағы шектеулі фосфорит қоры да ортая бастаған еді. Бұл «жұмақ өмірдің» ұзаққа созылмасын көріп-біліп отырған кей пысықайлар қара басының қамын күйттеп, шетелден жылжымайтын мүлік сатып алып, жағдайларын жасауға көшеді. Ал қарапайым халық оны ойлап, бас қатырған жоқ. Мемлекеттен берілетін жәрдемақыға алданып, сауық-сайранмен күндерін өткізе берді. Обалы не керек, ел үкіметі халықты асырап отырған жалғыз табыс көзінің түгесілетінін біліп, алдын ала қам жасауға тырысады. Фосфорит саудасының табысы елге келетін импорттан төрт есеге асып түсетін. Профициттің бәрін Аустралия, Жаңа Зеландия секілді елдердегі жылжымайтын мүлікке, одан қалды, арнайы жинақтаушы қорларға салып, барынша дайындық жасап-ақ баққан. Алайда 1987 жылы фосфорит қоры түгел таусылғанда, үкіметтің бұл дайындығы жеткіліксіз болып шыққаны байқалады. Өйткені тым кеш қимылдаған еді. Есесіне, бұл уақытта жемсауы терең жемқорлар ай қарап жүрмеген екен. Олар кен саудасынан түсетін табысты жымқырып қана қоймай, халықаралық қорларда «болашақ үшін» деп жинақталған қаражатты да тышқан сияқты шетінен кеміріп отырыпты. Осылайша, ширек ғасырға созылған «Науру ертегісі» де тәмамдалып, елдің басына қара бұлт үйірілді.
Бұл кезде арал бетінің 90 пайыз аумағы тіршілік белгісі жоқ жат ғаламшардың кейпін еске түсіретін. Өзі бір шөкім аралды кен іздеп, бір ғасыр бойы қопарса, одан не қалушы еді? Бұрын құрлық бетін түгелдей жауып жатқан көк-жасыл орманның бәрі оталып, оның орнында тақтайдай тақыр жер мен кратерге ұқсас ойдым-ойдым шұңқырлар ғана қалған еді. Ол жерде тіпті ауыл шаруашылығын дамыту да мүмкін емес болып шықты.
«Суға кеткен тал қармайды» демекші, жалғыз табыс көзінен айырылып, жаны алқымына келген Науру үкіметі тығырықтан қалай шығамыз деп жан-жақты амал қарастыра бастайды. Мемлекет гүлденіп тұрған кезде туризмді дамыту да ойда болмапты. Өндіріс орындары болса атымен жоқ. Елдегі жұмыссыздық деңгейі 90 пайыздан асып жығылып, халықтың үкіметке қарсы толқуы көбейді. Енді не істеу керек? Амалы таусылған билік Науруды офшорлық аймақ деп жариялап, заңсыз ақшаларын қайда тығарын білмей отырған атышулы алпауыттардың назарын өзіне аударған. Көп өтпей елге жан-жақтан күмәнді ақшалар құйыла бастады. Тіпті 90-жылдары бұрынғы кеңестік республикаларда жалғанды жалпағынан басқан түрлі криминалды топтар да Науру ұсынып отырған осы «жеңілдіктерді» пайдаланған көрінеді.
Көп өтпей терроризм мен есірткі саудасын қаржыландыруды көздеген қылмыстық элементтердің көп шоғырлануынан қауіптенген АҚШ «санкция саламыз» деп қорқытып, Науруды «офшорлық аймақ» мәртебесінен бас тартқызады. Содан билік енді шетелдіктерге өз елінің төлқұжатын сата бастайды. Бірақ одан қандай оңған пайда түсе қойсын. Ең соңғы амал – балық аулайтын шетелдік кемелерге арал маңында көп мекендейтін туна (тунец) балықтарын аулауға рұқсатнама сатумен пайда табу еді. 90-жылдары қолға алынған бұл «кәсіп» әлі күнге дейін Наурудың жалғыз ғана кіріс көзі болып тұр. Бірақ ол да жыртыққа жамау бола алмайтыны түсінікті. Сондықтан қазір шағын мемлекет Аустралия, Жаңа Зеландия және Тайваньнан келетін шетелдік жәрдемге тәуелді. Егер бұл жәрдем тоқтаса және туна балықтары таусылса, елдің ертеңі не боларын дөп басып айту қиын. Науру үкіметі тіпті болашақта мемлекеттің өмір сүруін тоқтатып, пайдасыз аралды тастап, халықты түгел Аустралияға көшіру туралы жоспарды да ойластырып қойған көрінеді.
Жерасты байлығын тиімсіз пайдаланудың соңы қандай өкінішті жағдайға апарып соғатынын көрсеткен Науру мысалы өзге мемлекеттерге өзіндік бір ескерту іспеттес. Кейде, тек қазба байлығын сатып күн көріп отырған елдер – өзі жұмыс істемейтін, қолынан ештеңе келмейтін, бірақ әке-шешесінің ақшасының арқасында астына қымбат көлік мініп, қызылды-жасылды киім киіп, шалқып өмір сүріп жүрген «байдың баласы» секілді көрінеді. Бірақ әке-шеше өмір-бақи жанында болмайтынын, бүгін тірлік істеп, қам жасамаса, ертең бармақ тістеп қалуы мүмкін екенін кейбірі ойлана бермейді. Науру мемлекетіне қарап, осындай ой түюге болатындай. Оның да «жер анасы» бай еді, соның арқасында ширек ғасыр бойы алаңсыз өмір сүрді. Алайда Крылов мысалындағы ала жаздай алаңсыз секеңдеген шегіртке секілді «асыраушысынан» айырылған күні сан соқты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тек шикізатқа иек артпай, дайын тауар шығаратын және соны экспорттайтын мемлекетке айналуы керек екенін жиі айтып келеді. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру» деген еді. Ресми деректерге сүйенсек, осы жылдың алғашқы 5 айында ел экспортының 87,4 пайызын шикізат құрапты. Оның ішінде мұнай мен газдың орны орасан. Бұл біздің де «қалталы жер анамыздың» арқасында адам қатарлы өмір сүріп жүрген «байдың баласы» екенімізді көрсетпей ме?
Мамандардың айтуынша, жеріміздің астындағы барланған мұнай қоры 40-45 жылда, табиғи газ 75 жылда, алтын 23 жылда, мыс 50 жылда, алюминий 30 жылда, хром 90 жылда, қорғасын 25 жылда, цинк 25 жылда таусылады екен. Жалпы, кез келген қазба байлық мәңгілік емес, әйтеуір бір күні түгесіледі. Ал біз, Президент айтқандай, оған дейін экономикамызды әртараптандырып, дайын өнім шығаратын елге айналып үлгереміз бе? Бұл – бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған басым міндеттің бірі. «Қыстың қамын жаз ойла» деген баба өсиеті де ерте әрекет қылғанның ертеңі жарқын боларын меңзесе керек.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ