Сұрақ: «Нәпсі» деп нені айтады?
Жауап: «Нәпсі» дегеніміз арабтың «нафсун» сөзінен шығып, қазақ тілінде «жан», «рух», «адам», «жаратылыс» немесе «тойымсыздық» деген сияқты т.б. мағыналарды білдіреді. Сол себепті әдеби кітаптарда ақын-жазушыларымыз «нәпсі» деп кейде адамның өзі немесе адамның бойындағы тойымсыздықты, жаман мінездер жиынтыңын меңзейді яки болмаса адамның жанын айтады. Мысалы, «Тойымсыз нәпсі, тұрақсыз дүние» деп Шәкәрім адамның бойындағы дүниеқұмарлығын, тойымсыздыңын, адамның бойында қанағат қасиетінің жоқ екенін меңзеп отыр.
Ал енді Абай «Нәпсінің қу мінезін – тіл де үйренеді» деген уақытта «нәпсі» деп адамның құлығы мен айлакерлігін айтса, келесі шұмағында «Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен. Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес» деген уақытта «нәпсі» сөзі арқылы адамды «пенде», «жан иесі» деген мағыналарды білдіреді. Бірақ, адамның бойында өзімшілдік, тәқаппарлық, қырсықтық, бәлеқорлық пен ұрысқақтық сияқты т.б. жаман мінездердің бар екенін білдіргендіктен оны «нәпсі» деп атаған десек қателеспейміз.
Себебі біз әдетте адамды жаман мінезі, әдепсіз қылығы үшін сөккен уақытта оны «қу нәпсі!», «нәпсінің құлы», «нәпсі құмар» деп сөгеміз. Мұндай нәпсі адамды жамандыққа, қылмысқа, күнә істерге бастайды. Құранда да Алла Тағала адамның бойындағы жаман мінездер жиынтығын «нәпсі» деп көрсеткен: «Расында нәпсі жамандыққа бастайды» (Жүсіп: 53).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ