Сұрақ: Қазір кейбір адамдар «намазхан» сөзі қазаққа жат, бұрын ондай сөз тілімізде болмаған деп айтып жатады. Шын мәнінде ол қайдан шыққан сөз?
Жауап: Негізінен бұл сөз діндар қауымның арасында жиі айтылады. Адамның дінге бет бұрып, намаз оқитынын білдіреді. Әсіресе ауылдағы мешіт жамағатында және сопылық жолдағы азаматтардың «намазхан», «тақсыр» сияқты т.б. сөздерді жиі қолданатыны мәлім.
Енді бұл сөздің шығу этимологиясына келсек, бұл ана тілімізге парсы тілінен келген кірме сөз. «Намаз» (тілек, дұға жасау) және «хон» (оқу) түбір сөздерінен құралып, намаз оқитын адамды білдіреді. Сонымен қатар бұл сөз шағатай, ертедегі түркі тілінде жазылған діни кітаптарда да кездеседі.
Мамандардың айтуынша бұл сөз «намазхана», «дәретхана», «пешене» сияқты т.б. көптеген парсы сөздерімен бірге келсе керек, яғни кейбір азаматтар айтып жүргендей бұл сөз бізде соңғы уақытта ғана пайда болмаған. Басқаша айтқанда, «намазхан» сөзінің келуі егемендік алып, жастарымыз діни білім алу мақсатында шет мемлекетерге кеткен заманнан басталмайды. Бұлай ойлау қате.
Мұны ортаазиялық ескі діни дәстүрмен тәлім алған кез келген имам растай алады. Себебі бұл медреселердегі діни әдебиеттердің басым бөлігі шағатай тілінде болды. Ол кітаптар негізінен парсы, татар тілдерінде. Сол үшін «намазхан» сөзін бүгінде діндегі жас буын жиі қолданатын «маша Алла», «инш Алла», «Субхана Алла» сынды діни сөз тіркестерімен бірге келді деп айта алмайсыз.
Бұл сөздің қазақ халқының арасына ертеден енгенін сеніммен айтаға болады. Бірақ, кейінгі жылдары намаз оқушылардың қатары көбейген сайын «намазхан» сөзінің қолдану аясы ауыл және сопылар жамағатынан асып, жалпы халық арасына тарай басталғаны байқалады. Сол себепті кейбір азаматтар оны дінге жаңадан еніп жатқан сөздердің қатарына жатқызса керек.
Сондай-ақ, бұл сөзді қолданған кезде біреуді артық санау немесе кемсіту деп түсінбеу тиіс. Ол жай ғана адамның намаз оқитынын білдіреді. Адам қай заманда болса да жеңіл жолды таңдайды. Сол сияқты сөйлесіп отырған адам «ол кісі намаз оқи ма?» деп ұзақ шұбартып отырмай қысқа ғана «намазхан ба?» деп қайыра салғанды мақұл көреді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ