Намаз – ең ұлы ғибадат. Намаз – балиғатқа жеткен, ақыл есі дұрыс әрбір мұсылманға парыз. Намаз – Ислам дінінің екінші рүкіні, кәлима шәһадаттан кейінгі ең ұлы парыз. Құран Кәрімнің көптеген жерінде Алла адамдарға намаз оқуды бұйырған. Құранның алпыс бес аятында намаздың адамның имандылығының көрінісі екені айтылған.
Намаз мұсылманның Алланың сансыз нығметіне шүкір етуі үшін шариғатқа енгізілген. Оның діни, тәрбиелік, жеке, қоғамдық, шипалық, тағы басқа бірнеше пайдасы бар. Намаз – адамды Алламен байланыстыратын амал. Намаз оқыған адам Алла алдында жалғыз қалып, оған мінәжат етеді. Осы ғибадаты арқылы рухани ләззәт алады. Намаз оқыған адам өзінің барлық ісін Алла Тағалаға тапсырады. Адам намаз оқу арқылы өзіне амандық, жан тыныштығы мен тозақтан алыс болуды тілейді.
Намаз – даму мен жеңіс жолы. Намаз – қателіктер мен күнәларды жуудың ең сенімді жолы. Ол үнемі өз иесіне көптеген жақсылықтар әкеледі. Намаз адамды Аллаға жақындатады, оның таңдауын кемел етеді. Бұл дүниенің бұйымдарынан өзін жоғары ұстауды үйретеді және өз иесіне теңдессіз жан рахатын әрі рухани жеңілдік сыйлайды.
Намаз оқитын адам ғапылдық ұйқысынан оянып, өмірге тереңірек назар салуды үйренеді. Ол адамға жүйелі болуды, барлық ісін тәртіппен жолға қоюды, уақытты үнемдеу мен ретке келтіруді үйретеді. Намаз оқитын адамның адамгершілігі артып, жұмсақ, жайсаң, байыпты, жігерлі, сабырлы болу секілді көптеген тұлғалық артықшылыққа ие болады.
Намаздың адамның күнделікті өміріне аса қажетті амал екені ғылыми тұрғыда дәлелденіп келеді. Намаздың сансыз пайдаға кенелтіп, адам өмірін жақсы арнаға бұрып, ретке келтіріп, жүйелейтін құрал екені күннен-күнге айқын болып жатыр. Қазіргі таңда өмірін ғылым жолымен өрнектеген дамыған елдердің халқы да намаз оқып, Ислам дінін қабылдап жатыр.
Жалпы Ислам дінінде намаздың иманнан кейінгі парыз, ең ұлы ғибадат екенін әрбір мұсылман жақсы біледі. Мұсылман адам намазды Алла Тағаланың бұйрығы болғаны үшін оқиды. Өйткені Раббымыздың әрбір бұйрығында шексіз даналық пен пайда бар. Сол секілді әрбір тыйым салған нәрсесінде көптеген зиян бар. Осы пайдалар мен зияндардың біразын бүгінде медицина саласының мамандары да растап отыр.
Ислам діні денсаулыққа өте жоғары мән береді. Содан болар дініміз ғибадаттардың ең негізгісі болған намазды өміріміздің соңына дейін оқуды бұйырған. Намаз оқыған адам осы бір көркем ғибадаты үшін ақыретте алатын сауабына қоса бұл дүниеде де пайдаға кенеліп, денсаулығы мығым болады. Намаздың адам денсаулығын күшейтетін бірнеше пайдасы бар. Намазда орындалатын іс-әрекеттер жеңіл, оңай болғандықтан, жүрекке салмақ салмайды (шаршатпайды) әрі күннің белгілі бір уақытында оқылатындықтан, адамды үнемі өзін белсенді қалыпта ұстайды.
Бір күнде басын сексен рет жерге қойған адамның миына көп мөлшерде тұрақты түрде қан барады. Ми клеткаларына қан жақсы жеткендіктен, намаз оқитын адамның жаттау қабілеті жақсарады және ұмытшақтыққа (склероз) ұшырамайды. Мұндай адамдар үнемі салауатты өмір салтын сақтайды. Адам рукуғта тұрған кезде денесі тең жартысына дейін иіледі, сөйтіп басқа қанның баруы жақсарады. Осы күйде біраз тұрғаннан кейін адам сәждеге бармас бұрын бір тіктеледі. Осы арқылы миды қанмен қамтамасыз ететін тамырларды алдағы күшті қан ағымына дайындайды. Содан кейін намаз оқитын адам иіліп, тізесіне шөгіп, сосын басын сәждеге қояды. Қан қысымы жоғары адамдарға да артық қиындық болмайды. Сәжде кезінде миға көп мөлшерде қан жиналады. Сәждеге біраз уақыт бас қойғаннан кейін, адам бірден тұрып кетпей, біраз аялдап отырады. Егер сәждедегі адам бірден тұрып кетсе, қан қысымы төмен кісілерге қиындық тудыруы мүмкін.
Бұдан кейін намаз оқушы екінші рет сәждеге бас қояды. Миды қанмен қамтамасыз ететін тамырлар екінші рет толық күшпен миға ағылады. Содан кейін ғана ол орнынан тұрып, бойын тіктейді. Міне, осындай іс-әрекеттердің нәтижесінде көп мөлшердегі қанды тоқтаусыз өткізіп тұрған тамырлар иілгіш әрі мықты болады. Мұндай «жаттығуды» жылдар бойы күн сайын, белгілі уақыттарда орындап тұрған тамырлар әбден шынығып, созылмалы күйге еніп, кептелістен құтылады.
Осы жерде «Намаз оқитын адамдарда да қан қысымы, әсіресе бас сүйектің ішкі жағындағы қан қысымының көтерілуі кездеседі ғой» деген орынды сұрақ туындауы мүмкін. Расында, әрбір дертті Алла Тағала Өзі береді. Бірақ мұндай дерттер жастайынан құлшылық жасап келе жатқан, сәждеге ұзақ уақыт бас қоятын намаз оқитын кісілерде өте аз кездеседі. Оның үстіне дәрет алу кезінде мойынға мәсіх тартылғанда мойын бұлшық еттеріндегі қанның жүруі жылдамдайды. Ал намаз соңында екі жаққа сәлем берген кезде мойын тамырлары омыртқа сүйегі тарапынан біраз «уқаланып» тұрады.
Намаздың қан айналым жүйесіне тигізетін тағы бір жағымды әсері тәшаһһуд оқып отырған кезде байқалады. Қазіргі заман медицинасының анықтауынша, тәшаһһуд көрінісінде отырған кезде сан артериялары біраз қысылып, кейін босайды. Соның нәтижесінде ішкі ағзалар, соның ішінде жүрек және миға қосымша қан барады. Деректерге жүгінсек, қалыпты жағдайда ағзадағы қан тасымалдаушы капиллярлардың (майда қан тамырлары) 30 пайызы ғана ашық тұрады екен, ал сан артериясы бір қысылып, босатылғанда бұл көрсеткіш екі есе артатын көрінеді. Демек осы жағдайдан кейін ішкі ағзаларға екі есе көп қан жіберіледі екен.
Намаз оқитын кісінің басы тұрақты иіліп-көтеріліп тұратындықтан, көзінің қан айналымы да жақсарады. Көзінің ішкі қан қысымы көтерілмейді, көз қуысы үнемі орташа ылғалды сақтап тұрады. Осы арқылы көзде болатын катаракта ауруының алдын алады. Намаздағы изометриялық қимылдар асқазандағы азықтың жақсылап араласуына әрі оның жақсы қорытылуына көмектеседі. Өт сұйықтығының өт қалтасында жиналып қалмай, бір мөлшерде ажырап шығуына, асқазан асты безінің бірқалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, іш қатудың алдын алады. Намаздағы күнделікті тұрақты іс-әрекеттердің, яғни бүйрек, зәр шығару жолдары, қуық пен тік ішектің үнемі шайқалып, қозғалып тұрғанының нәтижесінде іш босап, бірқалыпты болады. Соның арқасында ағзаларда тас жиналу қаупі болмайды.
Тәулігіне кемі бес рет орындалатын намаз тәнді үнемі қозғалыста ұстап, буындар, бұлшық еттер мен тамырларды жандандырады, артроз (артрит), остеохондроз сияқты аурулардың, соның ішінде буынға тұз жиналудың алдын алады. Физикалық жұмыспен айналыспайтын адамдардың тамырының тығындалуына тосқауыл болады.
Адам денсаулығының жақсы болуы тәнінің тазалығына байланысты. Намаз оқыр алдында алынатын дәрет пен ғұсыл – нағыз тазалық. Шынында, намаз әрі материалдық, әрі рухани тазалық болып есептеледі. Денені де, жанды да тазартпай тұрып намаз оқуға болмайды. Ал намаздың барлық шартын орындаған адамның рухани дүниесі таза, физикалық тұрғыдан белсенді болады.
Профилактикалық медицинада физикалық іс-әрекеттерді күннің белгілі бір уақытында орындап, дұрыс тамақтану, ұйықтау және демалуды бір ретке келтіру өте маңызды. Намаз уақыты – адам ағзасындағы қан айналымын реттеп, тыныс алуды арттыру үшін ең ыңғайлы әрі тиімді уақыт. Намаз ұйқыны да ретке келтіреді. Мамандардың зерттеуінше, намаздың көмегімен денеде жиналатын статикалық энергия зарядынан да құтылуға болады екен. Денеміздегі мұндай заряд сәжде жасау кезінде – жерге, дәрет алғанда – суға, тәяммум алмақ болып топыраққа қол тигізгенімізде жерге өтеді екен. Намаздан соң сергек болып, өзімізді көңілді сезінуіміздің себебі де, міне осыған байланысты екен. Намаздың мұндай пайдаларын толық көру үшін оны уақытында оқумен қатар, тазалыққа, дұрыс тамақтануға, диетаға, жейтін азығымыздың таза әрі адал болуына да өте мән беруіміз керек.
Мұсылман адамның иманын азықтандырып, күш беріп, жаңартып тұратын нәрсе – намаз, ғибадат. Олар орындалмаса, иман жүректің бір шетінде қалып, сөнеді. Сөйтіп мағынасыз, қарапайым, әдеттегі бір нәрсеге айналады. Міне, сондай «иманға» сеніп, «жүрегім таза» деп намаз оқымай жүргендер қураған шөпті гүл деп көтеріп жүрген кісіге ұқсайды. Сондықтан иманымызды ғибадатпен безендіріп, пәни дүниедегі өмірімізді Аллаға құлшылық етіп, Оған бойсұнып, үнемі ғибадатпен өткізу бізге міндеттелген. Сол себепті Алладан сәттілік сұрап, баршаңызды ең ұлы ғибадат болған намаз оқуды үйреніп, оны мінсіз, толық әрі тұрақты орындауға шақырамыз.
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
«Иман» журналы, №7, 2024 жыл