Сұрақ – Намазда имамға ұю міндет пе?
Жауап: Имам – намаз кезінде алда тұратын рухани жетекші, мұсылман қауымдастығының басшысы. Имам мешітте көпшілік болып бес уақыт, айт, жұма, жаназа намаздарында құлшылық рәсімін басқаратын жетекші. Имам халықты жаманшылықтан қайтарып, жақсылыққа шақырушы адам. Имамдық қызметін діни біліктілігіне қарай Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы бекітеді. ҚМДБ тарапынан имамдарға Жарғысы негізінен міндеттемелер міндеттеледі. Мешіт қызметін жүргізу, жаңа мамандар даярлау, жамағат бірлігін сақтау, діни сауат ашу жұмыстары, тәрбиелік мақсаттағы мәдени іс-шаралар өткізу. Имамдық қызметі құлшылыққа шақырумен, дінді уағыздаумен, Құран оқумен ғана шектелмейтін маңызы бар зор еңбек.
Имамдардың еңбектерінің қаншалықты сауапты екенін меңзеп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай хадисін айтуға болады. «Кімде кім адамдарды тура жолға шақыратын болса, ол адамның сауабы артынан ерген адамдардың сауабымен бірдей болады. Және олардың да сауабынан еш кемімейді!» деген.
Жамағатпен намаз оқығанда имамға ұю міндет. Имамға ұйғанда мынадай мән-жағдайларға мән берген дұрыс:
-Намазға кірерде тəкбiрден бұрын имамға ұюға ниет етіледі;
-Имам əйелдер үшін имам болуға бөлек ниет ету керек;
-Жамағаттың тобығы, имамның тобығынан артта тұру керек;
-Имам мен жамағат бiрдей парызды оқу ниетінде болу керек.
-Имам мен жамағаттың арасында əйелдер сапы болмау керек.
-Имам мен жамағаттың арасынан қайық өтетiндей өзен, немесе арба өтетiндей жол болмауы керек.
-Имам мен жамағат арасында бiр-бiрiн көре алатын немесе даусын ести алатын терезесі жоқ дуал болмауға тиіс; -Имам аттың үстiнде, жамағат жерде немесе керiсiнше болмауы керек.
-Жамағат бiр адамнан тұрса, имамның оң жағында тұрады. Сол жағында немесе артында тұру мəкрух болады. Ұйыған кісінің тобығы имамның тобығы тұсынан алға шығып тұрмаса намазы дұрыс болады.
Икрам АЙТАЕВ