Сұрақ: «Намаз» жайлы аяттың тәпсірі қандай?
Жауап: Алла Тағала: «Күндіздің екі уақытында және түннің күндізге таяу уақытында намаз оқы. Шынында, жақсылықтар жамандықтарды жояды. Бұл – ойланып, ғибрат алатындар үшін бір насихат» («Һуд» сүресі, 114-аят) – деген.
Дінімізде әрбір ақылды, балиғат жасына толған ер, әйелге күніне бес уақыт намаз оқу парызекендігін білдіретін көптеген аят, хадистер келген. Әрі Ислам ғұламалрының ижмәғы бар. Ғұламалар, намаздың парыздығын мойындамаған адамның діннен шығатынын айтады. Ал, намаздың парыздығын мойындап, бірақ намазға немқұрайлық танытып оқымаған адам күнәкар мұсылман болып саналады[1].
Имам Матуриди, Құрандағы: «Күндіздің екі уақытында және түннің күндізге таяу уақытында намаз оқы» деген аяттың тәпсірінде: «Аятта үш намаз зікір етілді. Күндіздің алғашқы бөлігіндегі таң намазы мен соңғы бөлігіндегі екінті намазы. Және түннің күндізге жақын болған уақыттағы ақшам намазы. Ал қалған намаздар, «Рум» сүресі, 17-18 аятындағы: «Кеш батырған кезде» деген сөзі екінті намазын, «таң атырғандарыңда» деген сөзі таң намазын, «ғәшиян» деген сөзі құптан намазын және «түскі уақытта» деген сөзі бесін намазын білдіріп тұр. Бұл аятта ақшам намазы айтылмағанымен, ақшам намазы «Һуд» сүресі, 114-аятындағы «түннің күндізге таяу уақытында» деген сөзінде айтылған. Әбу Һурайра (р.а.), Алла елшісінің (с.а.с.): «Намаз – күнәлардың кешірілуіне себеп болады. Қаласаңдар: «Ақмқатында, жақсылықтар жамандықтарды жояды» аятын оқыңдар», – деді» деген хадисін риуаят етті. Бұл аяттағы «жақсылықтар» бес уақыт намазды меңзеп тұр. Бес уақыт намаз –адамды күнәлі істерден қайтарып, тазаруына себеп болатындығы жайлы риуаяттар көп»[2]деп, бес уақыт намаздың Құранда көрсетілгенін айтып, «Құранда бес уақыт намаз туралы келмеген, аяттарда тек күніне үш уақыт немесе тек таң намаз жайлы ғана айтылған» дейтін кейбір ағымдардың қате көзқарасының дұрыс еместігін айтады.
Намаз – адам баласының ақыретте алғаш сұралатын істерінің бірі. Сол себепті, намазға селқостық танытып, оқымай қоюға болмайды. Имам Бұхари және имам Мүслимде жеткен бір риуаятта, Алла елшісі (с.а.с.): «Егер сендердің бірің намаз уақытында ұйықтап немесе ұмытып намазын оқымаса, есiне түскенде дереу оқысын» – деген. Яғни, мұсылман адамның Алла алдындағы парызы болған намаз ғибадаты ұйықтап қалу немесе қатты қарбаластықтан ұмытып кетусебепті оқылмай қалуы мүмкін екен. Мұнан тыс намазды оқымай қоюға бір себептің жоқтығын көреміз. Қасиетті Құранда: «Жұмақтықтар жұмақта жүріп, тозақтықтардың жағдайы жайлы бір-бірінен сұрасады. Сонда тозақтықтардан: «Сақар жаһаннамына кірулеріңе не себеп болды?» – деп сұрайды. Олар: «Біз намаз оқымайтын едік», – деп жауап қатады» («Мүддәссир» сүресі, 40-43 аят) – делініп, намаз оқымаған адамдар үшін қияметте ауыр азап бары ескертіледі.
Ал, намазына берік тақуа құлдарға мол сауаптың білдіретіндігі жайлы көптеген риуаяттар кездеседі. Соның бірінде қияметтің қиын сәттерінде нәпіл намаздың өзі парыз намаздың орнын толтыратындығы айтылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Адамдардың қиямет күнінде алғаш есепке тартылатын амалы, ол – намаз»деген. Ұлы Раббымыз хабардар бола тұра періштелеріне былай дейді: «Құлымның парыз намазына қараңдар. Оны толық орындап па, кемістігі бар ма»? Егер оның парыз намаздары толық болса, намаз сауабы толықтай жазылады. Егер парыз намаздарында нұқсандық болса, Алла Тағала былай дейді: «Құлым нәпіл (сүннет) намаздарын толық оқыған ба екен?». Егер ол сүннет намаздарын толық оқыған болса, Аллаһ Тағала: «Құлымның нұқсан парыз намаздарын нәпілдермен толтырыңдар», – дейді. Одан кейін парыз болған басқа амалдар да осылайша есепке тартылады»[3] деген.
Алла елшісі (с.а.с.) тағы сөзінде: «Намаз – мүминнің миғражы»деген.Яғни, намазына берік болған адамның тәні мен рухы әртүрлі кірлерден тазарып, Жаратушысы алдындағы мәртебесінің өсуін ұқтырады. Намаз оқыған адам күніне бес уақыт Жаратушысы алдында, «Аллаһу әкбар» (Алла ұлық), «Субханаллаһ» (Алла кемшіліктерден пәк) және «Әлхамдулилләһ» (Аллаға шүкір) деп, Жаратушысын ұлықтап, өзінің күнәкар әлсіз құл екенін сезінеді. Бір Аллаға ғана құлшылық етіп, Одан ғана көмек сұрайды. Бір намаздан кейін екінші намазға дейін түрлі күнәлардан сақтанып, таза өмір сүруге тырысады. Міне, осылай адамның әрдайым өзін жамандықтан қайтарып, ізгілікке ұмтылуы Алла алдындағы мәртебесін асқақтата түседі.
[1]Ибн Абидин, I-том, 32-бет; әл-Биная фи шархил һидая, 2-том, 5-бет.
[2]Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Стамбул. – 2006. 7-том, 589бет. 249-бет.
[3]Тирмизи, Салат; 118.
Қандай күшті. Менің де намаз оқығым келеді. Бірақ ата-анам рұқсат етпейді((((
31:15 окыныз карындасым, намазга ата ана разылыгы керек емес
Гүлім қарындасым, Алладан үмітіңді үзбе. БІр қиындықтың жеңілдігі, әр сынақтың бір қайыры бар. Бастысы, дін үйренгесін ата-анаңның алдындағы міндеттерді ұмытып кетпесең болғаны. Өйткені, оларға қызмет ету намаздан кейінгі орында.
Аллага кулшылык жасау адам заттын 1 шы парызы, 31:15 окыныз ата карсы болса