Уақыт – қылыш. Сен оны шауып түспесең, ол сені шабады. Бұл – шығыс нақылы. Уақытты басқару оны жүйелеу аса маңызды. Уақытты тиімді жұмсай білудің жұмыстың сапасына оң әсері бар. Әрі көптеген жетістікке жетуге ықпал етеді. Бастаған шаруаны мезгілінде бітіруге мүмкіндік береді.
«Уақытым жоқ», «уақыт жетпей жатыр» немесе «шаруам бастан асады» деген сыңайлы сөздерді жиі естиміз. Негізінен, 24 сағат барлық шаруаны бітіруге, демалуға, отбасыға көңіл бөлуге толықтай жетеді. Бірақ, оның бір шарты бар. Уақытты жүйелеп, жұмысты жоспарлау қажет. Осы орайда, бес уақыт намаздың уақытты жүйелеуге әсері жайлы айта кету керек. Әбу Мәлик Ашғари (р.а.) риуаяты:
«…Намаз – нұр…[1]»,-деп айтылған. Намаз оқушы үнемі Жаратушысымен байланыста. Оның жұмысы да, уақыты да берекетті болмақ. Абдулла бин Масғұд (р.а.): «Мен Алла елшісінен (с.ғ.с.) ең абзал амал қайсы?»,-деп сұрағанымда: «Уақытында оқылған намаз»,-деп жауап берді…[2]»,-дейді.
Намаз уақыты сағатқа емес, күн қозғалысына негізделген. Күннің шығуы мен батуына қарай бекітіледі. Бұл дегеніңіз адамның ағзасының жұмысына толықтай сай келеді. Таң намаз – таң атқаннан күн шыққанға дейінгі аралық. Ал, бесінші намаз – көкжиектегі ақ шапақ толығымен кетіп түн кіргеннен бастап оқылады. Таңғы уақытта адамның он екі мүшесінің жұмысқа деген қабілеті жоғары. Сондай-ақ, шариғатта күн шығып жатқанда ұйықтау – құп саналмайды. Мәкруһ. Сондықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Уа, Алла! Үмбетімнің таңғы уақытын берекетті ет[3]»,-деп тілеген. Осы хадисті риуаят еткен сахаба – Сахр Ғамиди саудагер кісі болған. Ол сауда-саттық жұмыстарын таңертең жасауға дағдыланған еді. Нәтижесінде дүниесі көбейіп, дәулетті кісіге айналған. Қазақта «Ерте тұрған еркектің бір ырысы артық демей ме?!»
Ал, күндіз бір мезгіл тынығуына болады. Күндізгі ұйқы – қәйлулә деп аталады. Жалпы алғанда бұл күндіз тал түстен алдын немесе кейін демалуды білдіреді. Қәйлулә етіп ұйықтап демалу – мұстахаб[4]. Қәйлулә – ұйықтамаса да талтүсте демалу[5]. Сәһл бин Сағд (р.а.):
«Біз Пайғамбар (с.ғ.с.) уақытында түскі демалысты (қәйлуләні) және асты жұмадан кейін демалып, тамақтанатынбыз[6]»,-деген.
Түскі уақытта жарты сағаттық ұйқы шаршауды басып, адамның денесі мен миын тынықтырып, бойға және ойға белсенділік пен күш береді. Қара жұмыстың да, интеллектуалды жұмыстың да өнімділігі мен сапасын арттырады.
Имам Ғазали:
«Қәйлулә жасап ұйықтау түнді жақсылықпен өткізетін адамға жарасады. Өйткені, қәйлулә, сәресінің күндізгі оразаға күш бергені сияқты, таһажжуд намазына күш береді. Ал, түнде құлшылық етпей қәйлулә жасау күндіз ораза тұтпай сәресіні ішкенмен бірдей»,-деген.
Түнгі ұйқыға келсек, құптаннан кейін лезде жатқан абзал. Әбу Барза (р.а.) риуаятында:
«Алла елшісі (с.ғ.с.) құптаннан алдын ұйықтағанды және құптаннан кейінгі әңгімені жақтырмайтын[7]»,-делінген.
Пайғамбар (с.ғ.с.) түннің бірінші бөлігінде құптан намазынан кейін ұйықтаушы еді. Құптаннан алдын ұйықтағанды ұнатпайтын. Сосын түннің екінші бөлігінде тұрып намаз оқитын, қайта жататын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Алла тағалаға ең ұнамды намаз – Дәуіттің (ғ.с.) намазы. Алла тағалаға ең ұнамды ораза – Дәуіттің (ғ.с.) оразасы. Ол түннің жартысына дейін ұйықтап, үштен бірінде құлшылық жасайтын да сосын алтыдан бірінде қайта ұйықтайтын. Және бір күн ораза тұтса, бір күн тұтпайтын[8]»,-деген.
Хадисте айтылған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұйықтауы мен ұйқыдан тұру әдетіне зер салсаңыз, дененің демалуына, ағзаның тыныстауына және күш-қуат жинауға ең тиімді әдіс екенін аңғарасыз. Бұл сергектікпен қатар мол сауапқа кенелтеді.
Ұнамсыз ұйқы
Таң атқан соң күн найза бойы көтерілгенше ұйықтаудың сергектікке, ас қорыту, жүрек және жүйке жұмысына және де басқа денсаулыққа кері әсерлері бар. Алайда, зәрулік жағдайда оқасы жоқ. Өйткені, бұл уақытта ұйықтауға қатаң тыйым жоқ. Кейбір сахабалар мен табиғиндер осы уақытта ұйықтағаны жайлы дерек бар. Сонымен қатар, күнмен таласып ұйықтаудың зияны жайлы да ескертілген. Аталмыш тақырыпқа байланысты риуаяттарға назар аударып көрейік. Абдулла бин Аббас (р.а.) баласының таңертең ұйықтап жатқанын көріп: «Тұр, ризық-несібе бөліп беріліп жатқан уақытта ұйықтағаның не?!»,-деген екен.
Жоғарыдағы хадиске оралсақ. Ең абзал іс – уақытылы оқылған намаз. Намаздар уақыт тұрғысынан ғажайып орналасқан. Жұмыс пен дене мүмкіндігі арасын үйлестіретін деңгейде. Намазды бар ықыласпен уақыты кірген мезгілде оқу үшін жұмысты дұрыс жоспарлап, әр намазға дейін жұмыстың белгілі бөлігін бітіріп отыру қажет.
Уақытты тиімді пайдалану – жұмысты жоспарлаумен жүзеге асады. Кем дегенде бір апталық жұмысты жазбаша жоспарлаған жөн. Апта барысында өзгертулер болуы заңдылық. Уақыт өте келе жоспар дұрыс жасалып, әрі сол қалпында орындалатын деңгейге жетуге болады. Бірақ, бұған дейін қалыптасу кезеңінде өзгерістердің болуы – қалыпты жағдай. Шаруалардың маңыздылығына және шұғылдығына қарай орналастыру керек. Маңызды шаруалардың өзін кезеңдерге бөлуге болады. Мәселен, бір жұмысты бірнеше кезеңге бөліп, күрделілігіне қарай бір немесе екі аптаға созуға болады. Ең бастысы, жоспарға сайкес жүріп отыру.
«Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, бекітілген жоспарды игеруді және сапалы етіп аяқтауды басты талап етіп алыңыз. Жоспарлаған мақсатты ауырсынып, кейінге қалдырмаңыз. Тым болмаса әрекет етіп көріңіз. Нәтиже болмаса, қайта зерттеп, жаңа жоспар құрыңыз.
Руслан Қамбар,
исламтанушы
[1] Муслим, Тирмизи, Насаи
[2] Бұхари, Муслим
[3] Тирмизи
[4] Фатауа Һиндия
[5] Санғани, Субулус -Сәләм
[6] Бұхари, Муслим
[7] Бұхари, Муслим
[8] Бұхари, Муслим