Намаз оқитын кезде әурет жерлерді толық жабу керек. Бұл намаздың шарты, яғни сыртқы парызы болып саналады. Ханафи мәзһабы бойынша ер кісінің әуретіне кіндік пен тізе аралығы жатады. Кіндік әурет емес. Ал тізе – әурет. Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Тізе әуретке жатады», дегенін айтады. (Дарақутни жеткізген)
Ал, әйел кісінің беті мен қолдарынан басқа денесі толығымен әурет. Қолдары дегеніміз саусақ бастары мен білезік аралығы. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:«(Әй, пайғамбар!) Иман келтірген әйелдерге айт, көздерін төмен қаратсын және жыныс мүшелерін сақтасын! Сондай-ақ көрінетін мүшелерінен басқа зейнеттерін сырт көзге ашпасын. Әрі көйлек омырауындағы ойықтарына орамалдарын жапсын!..» («Нұр» сүресі, 31-аят). Ибн Омар мен Ибн Аббас, Аллаһ тағала оларға разы болсын, «көрінетін мүшелерінен» сөзін «бет және екі қолдың бастары» деп түсіндірді. Екі қолдың білезіктен саусақ бастарына дейінгі аралығы әурет емес. Екі аяқтың табаны мен үсті намазда әурет емес. Сондықтан намазға тұрғанда әйел жалаң аяқ болса, онда киімінің етегі тобықтан төмен түсуі қажет.
Намаз кезінде әурет болып саналатын дененің кез келген мүшесінің төрттен бірі ашылса және бір рүкүн уақытындай ашық қалса, намаз дұрыс болмайды. Бір рүкүн уақыты дегеніміз үш мәрте «субханалла» деп айтатындай уақыт. Ал ашылған жер сол аралықта тез қайтадан жабылса, намазы бұзылмайды. Сондай-ақ әурет болып саналытын дене мүшелерінің төрттен бірінен азы ашылып қалса, намаз бұзылмайды.
Ал енді сіздің сұрағыңызға келетін болсақ, әйелдің мойны жеке әурет мүшесі болып саналады. Намазда адам әурет мүшесін әдейі өзі ашатын болса, намазы бұзылады. Ал жел секілді нәрселермен немесе байқаусызда орамалы шешіліп кетіп ашылып қалатын болса, дереу қайта жабылса бұзылмайды. Ал үш рет «субханалла» деп айтатындай уақыт ашылып қалса және ашық қалған жер сол мүшенің төрттен біріндей болса, онда намазы бұзылады. Әйелдің басынан төмен қарай түскен бұрымы көпшіліктің көзқарасы бойынша әурет болып саналады. Сондықтан намазда бұрым да толығымен жабылуы қажет.