Сұрақ: Намаз оқымайтын туыспен қатынасты үзсем бола ма?
Жауап: Қоғамдағы кейбір жастардың адасушылыққа түсіп, діни сауатсыздық салдырынан өзінің ата-анасының, бауырларының намаз оқымайтынын айтып, олармен қатынастарын үзгендері туралы білеміз. Ислам қандай жағдай болса да туыстық қатынастқа берік болуды бұйырады. «Туыстық қатынасты үзген адам жәннатқа кірмейді», – деп пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды туыстық қатынастқа мұқият болуға шақырған.
Мысалы, Мәдина шаһарына алғашқы мұсылмандар келген кездегі адамдардың исламға құштарығының күшті болғаны сонша, олар өз дүние-мүліктерін туған бауырларына емес, діндес және рухани бауырларына қалдыра бастайды. Өйткені олардың кейбір туыстары мұсылман емес, пұтқа табынушылар еді. Сонда Алла тағала адам үшін ең жақыны оның қандас бауыры екені туралы аят түсіреді:
«Алланың Кітабында; туысқандар бір-біріне мүміндерден де, мұһажірлерден де (мираста) жақын. Бірақ достарыңа (мүміндерге) қамқорлық жасауларыңа болады» (33: 6).
Осылайша Ислам мұсылман адамның туған-туыспен, ағайын-бауырмен қатынасын үзбеуі тиістігін айтады. Туыстық қатынасты үзушілер – жоғарыдағы аятқа сәйкес амал қылмаған болып есептеледі.
Ислам, әр халықтың салт-дәстүрлерінде бар туыстық қатынасты қасиетті мәтін және хадистермен нақтылап бекіткен. Діндегі туыстық пен достыққа, жақсылыққа қатысты осындай жігерліндіру әмірлері көптеген халықтардың дәстүрлерімен үйлесімін тауып жатады. Исламның осындай ерекшеліктері біздің халқымыздың ұлттық салт-дәстүрімен біте қайнасқан.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ