Сұрақ: Намаз оқымаған адамның жағдайы қалай болмақ?
Жауап: Намаз – исламдағы бес парыздың бірі. Намаздың үкімі парыз. Ислам шариғатында мұсылман адам намаз оқымаса күнәһар болады. Амалдар әр адамның Алла алдындағы жеке жауапкершілігі. Шариғатта амал жасамаған адам діннен шығады деген ұғым жоқ.
Қалай болғанда да мұсылман адамға парыз болып жүктелген намаздарды өтемеу дұрыс емес. Себебі адамнан Қиямет күнінде ең алдымен осы парыз намаздары сұралады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Қиямет күні пенденің амалдарынан ең алдымен есепке тартылатыны — оның намазы. Егер оның намазы дұрыс болса, онда оның құтылып, әрі игілікке қол жеткізгені…», деген.
Радикалды діни топтар дәстүрлі діннің негіздеріне үңілмей, буквализмге (Құран аяттары мен хадистерді тікелей түсіну) барып, адамның амал-әрекетіне қарап, күпірлікпен айыптайды. Адасқан діни топтар мұсылман адам деп тек бес уақыт намаз оқыған адамды ғана санайды. Ал егер намаз оқымаса, мейлі ол ата-анасы, мейлі ағайын-туысы, бауыры болса да кәпір деп есептейді. Мұндай адасушылықтан сақ болғанымыз дұрыс.