Сұрақ: Намаз оқуға ата-анам қарсы, не істемек керек?
Жауап: Егер ата-ана намаз оқуға, Құдайға құлшылық етуге қарсы болса, демек олардың жалпы дін ислам туралы немесе намаздың маңыздылығы жайында қанағаттанарлық білімінің болмауы мүмкін. Адам, әдетте, мұндай мәселеге өзінің жетік білмегені немесе бір нәрсе туралы дұрыс түсінігінің болмауы себебінен қарсы келеді.
Өйткені, кейінгі уақытта дінді жамылған теріс ағым өкілдері немесе түрлі жат пиғылды діни ұйымдар мен сенім жақтаушылары қоғамда дін туралы теріс пікір қалыптастыруға ықпал етті. Әсіресе исламофобияны (исламды жек көру, үрку) мақсат тұтқан, діни радикализм мен экстремизм насихатшылары бұған көп күш салды.
Қазақтың ұлдары мен қаракөз қыз-келіншектері желідегі псевдодіни насихатшылардың уағызына еріп, Сирияға “жиһадқа” кетті, кейбірі дәстүрге қарсы шықты, басқалары намаз оқымайтындарды кәпірге теңеді. Осы сияқты жағдайлардың барлығы қоғамдағы көптеген азаматтарды діннен қорқытып қойды.
Осының салдарынан кейбір ата-аналар күні бүгінге дейін «балам намаз оқыса немесе балам мешітке барса, теріс ағымның ықпалына түсіп кетеді» деп ойлайды.
Сөйтіп, өз баласының болашағы үшін қатты алаңдаған ата-ана оны барлық нәрседен тыя бастайды. Ал оның себеп-салдарын түсіндіріп айтуды естен шығарады. Себебі, балаға болмайды деп айту шешім емес. Керісінше, бала ата-анасынан жасырын ғаламтор желісіне кіріп, белгісіз радикалды әдебиеттермен әуестеніп кетуі де мүмкін. Ата-ана бұл жағдайды қаперінен шығармауы керек.
Алла Тағала өзінің жақсы көрген құлдарын сынап отырады. Сенің басындағы мұндай жағдайды да Алланың жіберген сындарының бірі деп ойлаған жөн. Бұл сыннан сүрінбей дұрыс өтуді ойлап, үнемі дұғада болу қажет.
Ата-ананы ренжітпей, олардың имандылыққа жүректерін ашуды, намазға махаббатын оятуды Алладан сұра. Мүмкін болса, оларды діни сауаты терең мамандармен немесе имамдармен жолықтырып, дінді жан-жақты түсіндіруіне жағдай жасау керек. Сол сияқты өзіңнің мұсылманға лайық көркем мінезіңмен оларға дін туралы жақсы ой қалыптастыруға күш сал және т.б.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ